Ұлы Отан соғыс ардагерлеріне тағзым

Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к. Қалымбек Б, және PhD доктор, аға оқытушы М.Н. Умбетов
206, 306 академиялық топ студенттерінің қатысуымен "Ерлікке тағзым" тақырыбында Панфилов паркінде іс-шара өткізді. Бұл іс-шара жастардың бойында патриоттық рухты дамытуға зор ықпал етті.
Тарих беттеріне алтын әріптермен жазылған Ұлы Отан соғысы — халқымыздың ерлігі мен қайсар рухының жарқын көрінісі. 1941–1945 жылдар аралығында орын алған бұл сұрапыл соғыс миллиондаған адамның өмірін қиып, бүкіл елді қан жұттырған қасіретті кезең болды. Осы ауыр жылдары от пен оқтың ортасында жүріп, туған жер мен елдің бостандығы үшін жанын қиған батырларымызға бүгінгі ұрпақ бас иіп, мәңгілік тағзым етеді.
Соғыс ардагерлері — еліміздің баға жетпес байлығы. Олар — ерліктің, төзімділіктің, Отанға деген шексіз махаббаттың символы. Ардагерлердің жанқиярлық еңбегі мен қаһармандығының арқасында біз бүгін бейбіт аспан астында өмір сүріп отырмыз. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл — үлкен мақтаныш әрі зор жауапкершілік.
Қан майданда жауға қарсы күресіп, бейбіт өмір үшін жанын қиған, тірі қалғандары елге оралып, елді қайта қалпына келтіруге атсалысқан ардагерлерімізге құрмет көрсету — біздің азаматтық парызымыз. Жыл сайын 9 мамыр — Жеңіс күні қарсаңында елімізде түрлі шаралар ұйымдастырылып, ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіледі. Бұл — олардың ерлігін ұмытпай, ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды іс.
Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан өткерген аға буынның өнегелі өмір жолы — жастар үшін үлгі. Олар бізге тек жеңісті емес, сонымен бірге бірлік пен отансүйгіштіктің де не екенін үйретті. Ендеше, ардагерлерге тағзым ету — бұл тек құрмет емес, бұл — тарих алдындағы адалдық.
Ұмытпайық: тарих — ұлттың жадын сақтайтын қасиетті шежіре. Сол шежіредегі батырларымыздың есімі — мәңгілік!
Басқа жаңалықтар
