
Фараби кітапханасында ҚР білім беру ісінің үздігі, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, «Алтын арқау» мәдени-этнографиялық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, этнограф Ғалия Қайдауылқызымен тағылымға толы кездесу өтті.
Іс-шараны кітапхана директоры Жадыра Айдынғалиқызы кіріспе сөзбен ашып, ұлт мәдениетін, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген шеберлер мен өнерпаздарды Ұлттық киім күнімен құттықтады. Модератор тізгінін Ақпараттық қызмет басқармасының басшысы Ақмарал Аманкелдіқызы қолға алды.
Фараби кітапханасының ҚазҰУ түлегі, журналист, этнограф, ғалым Ғалия Қайдауылқызымен бұл кешті өткізуінің үлкен мәні бар. Ғалия апай ұлттық баскиім – кимешекті зерттеуші. Осы тақырыпта «Киелі кимешек» атты монографиялық зерттеуін әзірлеген.
Кездесуде этнограф киелі баскиім – кимешектің ұлт тәрбиесіне, әйел болмысына тікелей байланысты екенін тілге тиек етті. Ең алғаш кимешектің тоғыз түрін тылсым құбылыс – түсінде көреді. Өзіне берілген аян деп қабылдап, бір күнде кимешек тігуді бастап кеткен. Тігіп қана қоймай, оны киюдің өз талғамы бар, тағы бір көңіл бөлетін бөлшегі – оның оюы. Кимешектің киюге де, күтуге де ыңғайлы түрі тоқыма кимешек болғандықтан, осы түрін бір тәуліктің ішінде дайындаған. 25 түрлі кимешектің ерекшелігіне қарай «Аяла», «Томирис», «Зарина», «Ақтоты», «Айшолпан», «Ақмарал» т.б. атаулар берген. Өз кезегінде «Сәукеле – қызға салтанат, кимешек – келінге аманат» қанатты сөзімен кимешектің қал-қадірін ұқтырып тұр. Өйткені аманат – адамгершіліктің шыңы.
Ол қазақ әйелінің әдемілігін арттырып, ажарын ашатын киім ғана емес, әйел қауымының мәртебесін биіктетіп, дәрежесін көтеретін тәрбиелік мәні зор бұйым екенін атап айтты. Абай атамыз «Киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады» деген. Қазақ әйелдерінің киім кию үрдісінде баскиімнің маңызы ерекше екені даусыз. Ғалия апайымыз: «Әйел адамның бағы – басында, басындағы кимешегінде. Кимешектің қадір-қасиеті – ұлттық болмысымыздың бір көрінісі еді. Соның жинақталған бейнесі болған. Өкінішке қарай, біз ашық киінуді еркіндік деп есептедік те, өзіміздің қолымыздағы алтынды бағаламай, өзгенің күмісіне айырбастап алдық. Тарихи-мәдени мәні зор кимешектің киілмей қалуы әйелдің теңдік алғаны емес, әйелдің теңсіздікке ұшырағанының белгісі деп ойлаймын», – дейді.
Ғалия Қайдауылқызы – «Киелі кимешек» еңбегінен бөлек, «Сөз дауа», «Жүректегі тәтті мұң», «1001 түйін», «Мыңнан бір түйін» кітаптарының авторы. Кездесуде ҚР еңбек сіңірген әртістері, кәсіби әншілер Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер кейіпкеріміздің сөзіне жазылған «Ақ кимешек» әнін орындады.
Алмагүл МҰРАПҚЫЗЫ,
Фараби кітапханасының кітапханашы-менеджері
Басқа жаңалықтар
