ҒАЛЫМ, ПЕДАГОГ,ТӘЛІМГЕРFarabi University

ҒАЛЫМ, ПЕДАГОГ,ТӘЛІМГЕР

10 сәуір, 2025

Биыл 6 сәуірде көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Элеонора Сүлейменова 80 жасқа толады. Оның есімі отандық тіл білімі, русистика және әлеуметтік лингвистикамен тығыз байланысты. Алайда профессор Э.Сүлейменова ерекше ғылыми мансабынан бөлек, өмірдің түрлі салаларында зерттеуші, педагог, ғылымды ұйымдастырушы ретінде, сондай-ақ отбасылық өмірде де қалыптасқан, көпке үлгі болатын жан.

ҒЫЛЫМҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ: ТІЛ БІЛІМІНІҢ ЖАҢА КӨКЖИЕГІ

Элеонора Дүйсенқызы – Қазақстан лингвисти­касын­да­ғы ең беделді тұлғалардың бі­рі. Оның ғылыми мектебі сал­­­ғастырмалы семантика және прагматикадан теория­лық лексикография мен әлеу­меттік лингвистикаға дейінгі көптеген бағыттарды қам­тиды. Оның еңбектеріне түрлі елдер­дің зерттеушілері сілте­ме жа­сай­ды. Сондай-ақ шә­кірт­тері ғалым шығарма­­шы­лы­­ғындағы идеяларды да­мы­туды жалғас­ты­руда.

Профессор Э.Сүлейменова еліміздегі алғашқы екі тілді линг­вистикалық сөздікке ай­нал­ған «Тіл білімі сөздігін» құрас­тырудың алдыңғы легі­нен орын алады. Оның жетек­шілігімен білім беру жүйе­сінде белсенді қол­да­ны­латын екінші тілді оқыту әдіс­те­месі жасал­ды. Про­фес­сор­дың зерттеу­лері тілдік сәй­­кестілік, қостілділік және социо­лингвис­тикалық бейім­­делу тұжы­рым­дамала­рының да­муына ықпал етті.

Ол 500-ден астам ғылыми еңбектің, соның ішінде жеті монографияның, 13 ұжымдық монографияның (соның ішінде Scopus базасына енген The Handbook of Business Discourse), сегіз сөздік пен анық­тамалықтардың авторы. Элеонора Дүйсенқызының жұмысы тілдік үдерістерді, елі­­міздегі тілдік ахуалдың дина­­ми­касын және тілдік біре­гей­лікті зерттеу саласында үлкен маңызға ие болды.

2001 жылдан бастап «Қазақ тілі: психолингвис­тикалық және социолингвис­тикалық зерттеулер», кейін «Социолингвистика, аударма теориясы мен практикасы» деп өзгертілген зерттеу зерт­ха­насының жетекшісі. Про­фессордың ғылыми жетекші­лігімен 13 халықаралық және 17 республикалық, оның ішін­де Қазақстанның тіл саясатын зерттеу бойынша ғылыми жоба табысты жүзеге асы­рылды.

Элеонора Дүйсенқызы өзі­нің кәсіби қызметінің 60 жылға жуық уақытын Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­верситетіне арнады. Қара ша­ңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдық тарихын ескерсек, бұл едәуір уақыт екеніне көз жеткіземіз. Бір қызығы, ҚазҰУ-дағы жұ­мысы – оның еңбек кітапша­сындағы жалғыз жазба, бұл профессордың университетке деген адалдығы мен шын берілгенін көрсетеді.

Ұстаздың ғылыми ізде­ністерінің арқасында Қазақ­стан­дағы тіларалық қарым-қатынас, билингвизм және тілдік саясаты үдерістерін түсіну айтарлықтай тереңдей түсті. Оның жұмысы елдің білім беру жүйесінде шешуші рөл атқаратын орыс және қазақ тілдерін оқытудың зама­науи тәсілдерін қалыптастыру үшін негіз болды. Профессор Э.Сүлейменованың кітаптары, мақалалары мен моногра­фиялары оқу орындарында белсенді түрде қолданылып, филология саласының жоғары білікті мамандарын дайын­дауға өз үлесін қосуда.

 

ҰСТАЗ ЖӘНЕ  ТӘЛІМГЕР

Ғылыми еңбектеріне қоса, Элеонора Дүйсенқызы – есімі үлкен әріппен жазылған педа­гог. Оның дәрістері студент­терді шабыттандырса, қолда­уы жас ғалымдарға ғылым әле­мінде өз жолын табуға көмек берді. Осы онжыл­дық­тарда профессор көптеген шәкірттерді тәрбиеледі. Олар­дың басым бөлігі акаде­миялық салада айтарлықтай жетіс­тікке жетті. Оның жетек­шілігі­мен 19 докторлық, 40 канди­даттық диссертация, сон­дай-ақ 10 PhD докторлығы қор­ғалды. Олардың қатарын­да шетелдік азамат та бар.

Шәкірттері өз тәлімгері салған ғылыми бағыттарды да­мытуды жалғастыра оты­рып, Қазақстанда да, ше­телде де академиялық ортада жетекші орындарды иеле­нуде. Олардың көпшілігі фило­логия мен линг­вис­тика­ның дамуына айтарлық­тай үлес қосқан та­нымал ғалым­дарға айналды.

Оның ұстаздық шеберлігі­нің сыры – жоғары ғылыми талаптарды адамгершілікпен, әр студентке деген ілтипатпен ұштастыра білуінде. Көптеген студенттер үшін ол жай оқытушы ғана емес, олардың мүмкіндігін ашуға және өмірлік жолын анықтауға көмектескен нағыз тәлімгер болды.

 

ОТБАСЫ –  НЕГІЗГІ ТІРЕК

Профессор Э.Сүлейменова қыруар жұмысына қарамас­тан, отбасына уақыт таба білген адам. Ол ғылым мен жеке өмірі арасындағы тепе-теңдікті сақтап, әріптестеріне ғана емес, жақындарына да үлгі бола білді. Жұбайы, ана мен әже ретінде оларға өзінің даналығы мен өмірлік құн­дылықтарын бере отырып, туыстарын қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөлейді.

Оның балалары мен неме­релері білім, еңбекқорлық және адалдық әрқашан алғы шепте тұрған отбасында өске­нін мақтан тұтады. Оларды кітапқа деген сүйіспеншілікке, ғылымды құрметтеуге және өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысқа баули білді. Про­фессордың отбасы – қуаты, шабыты, ғылымнан тыс ең үлкен жетістігі.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАНЫЛУ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ДИПЛОМАТИЯ

Элеонора Дүйсенқызы ше­телдік ғалымдармен белсенді ынтымақтаса отырып, әлемдік русистика мен тіл білімінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның еңбектері Қазақстаннан тыс жерлерде кеңінен таны­мал және ол Орыс тілі мен әдебиеті оқыту­шыларының халықаралық қауымдастығы (МАПРЯЛ) төралқасының мү­шесі. Оның күш-жігерінің арқа­сында Қазақстан бірнеше рет Астана (2019 ж.) қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен же­текші лингвистер мен педагог­тарды жинаған XIV МАПРЯЛ конгресімен қоса, ірі ха­лық­аралық ғылыми форум­дарды өткізу алаңына айналды.

Профессор Э.Сүлейменова тілдік білім беруді, билинг­визмді және мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға ықпал ететін бірқатар халық­аралық зерттеу жобаларына қатысты. Ол Russian Language Journal (Вашингтон) және «Русский язык за рубежом» (Мәскеу) сияқты беделді халықаралық басылымдардың ғылыми кеңестері мен редак­циялық алқаларының құра­мында жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен INTAS (Брюссель), ACTR/ACCELS (Вашингтон) және транс­фор­мациялық қоғамдарда тілдік білім беруді және тілдік сәй­кес­тікті зерттеуді дамытуға бағытталған басқа бағдар­ла­малар аясында халық­аралық жобалар жүзеге асы­рылды.

Профессор Э.Сүлейменова сонымен қатар АҚШ, Нидер­ланды, Германия, Финляндия, Украина, Израиль, Ресей және басқа елдердің универси­теттері, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтаса отырып, халық­аралық ғылыми-зерттеу жоба­лары мен гранттарын жүзеге асыруға белсенді қатысты. Оның қызметі қазақстандық ғылымның халықаралық беде­лін нығайтуға және ғылыми байланыстарды кеңейтуге ық­пал етті.

Элеонора Дүйсенқызы сон­дай-ақ ТМД елдерінің тілдік саясаты бойынша пікір­та­ластарға белсенді қатысты. ТМД мемлекеттері тілі мен мәдениеті жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі болды. Ресей, АҚШ, Еуропа және Азия ел­дерінде өткен халықаралық симпозиумдарда сөз сөйледі. Беделі мен ғылыми атағы оны әлеуметтік лингвистика және қостілділік теория саласында әлемдік деңгейде танымал сарапшы етті.

ҒЫЛЫМНЫҢ  АР-ҰЖДАНЫ

Элеонора Дүйсенқызының қызметі тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жоғары ба­ғаланады. Оның ғылыми же­тістіктері мемлекеттік наг­радалармен марапатталды. Ал әріптестері мен шәкірттері оны «ғылымның ар-ұжданы», жетістікке жету жолында да­мыл таппайтын тұлға деп атайды.

Ғалымның омырауында ІІ дәрежелі «Барыс» ордені, «Құрмет» ордені, Қазақстан халқы Ассамблеясының ме­далі, «ҚР ғылымын дамы­туға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және басқа да көптеген құр­метті атақтар жарқырайды. Алайда қадірменді ұстазға ең маңызды марапат әріптестері мен студенттері арасында құрметке ие болу, көрсеткен еңбегіне айтқан алғысы болып қала береді.

Бүгінде оның ұзақ жылғы еңбегіне көз жүгіртсек, мы­наны айтуға болады: Элеонора Дүйсенқызы – жай ғана ғалым емес, отандық тіл біліміндегі тұтас бір дәуірдің символы. Оның ғылымға қосқан үлесі, өз ісіне деген адалдығы, адами қасиеттері білімге, ақиқатқа, биік мақсатқа ұмтылған­дардың бәріне үлгі болып қала береді.

Осындай тұлғалар тарихта өз ізін қалдырып, зерт­теушілер мен педагогтардың жаңа буы­нын шабыттан­ды­рады. Про­фессор Э.Сүлей­ме­нованың мұрасы қазақстан­дық ғылым мен білім берудің даму жолын айқындай оты­рып, одан әрі өз жалғасын та­батыны сөзсіз.

Құрметті Элеонора Дүйсен­қызы, сізді мерейто­йы­ңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Әр күн қуаныш әкелсін, денсаулығыңыз мық­ты болып, жақындарыңыз жылулық пен махаббатқа бө­лесін. Сіздің жолыңыз жар­қын сәттерге, жылы кездесулерге және өзіңізге қымбат адам­дардың күлкісіне толы болсын! Сіздің өміріңіз бәрімізге үлгі, еңбегіңіз, мейірімділігіңіз үшін алғыс айтамыз!

Мәлика АЙМАҒАМБЕТОВА,

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы