Қазақ гидрологиясының көрнекті ғалымы Сәкен Қаламқалиұлы Дәулетқалиевтің 90 жылдық мерейтойы аталып өттіFarabi University

Қазақ гидрологиясының көрнекті ғалымы Сәкен Қаламқалиұлы Дәулетқалиевтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті

18 маусым, 2025

2025 жылдың 18 маусымында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде көрнекті ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор Сәкен Қаламқалиұлы Дәулетқалиевтің 90 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Сәкен Қаламқалиұлы — қазақ гидрология ғылымының іргесін қалаған, бүкіл саналы ғұмырын гидрологиялық болжамдар мен су ресурстарын статистикалық бағалау саласына арнаған көрнекті тұлға. Ол 250-ден астам ғылыми еңбектің авторы, бірнеше ұрпақтың ұстазы және тәлімгері атанған жан.

Мерейтойлық шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ардагер-ғалымдар, шәкірттері мен жас зерттеушілер қатысты. Қонақтар қатарында География және су қауіпсіздігі институтының Су ресурстары зертханасының жетекшісі, география ғылымдарының кандидаты Айсулу Алашевна Турсунова және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мекебаев Талғат Кумаргалиевич болды.

Іс-шара барысында С.Қ. Дәулетқалиевтің ғылымдағы сара жолы, еліміздегі гидрология саласының дамуына қосқан ерен еңбегі, ғылыми мұрасы туралы естеліктер айтылып, арнау сөздер мен баяндамалар оқылды. Сонымен қатар, университет ректорының арнайы алғыс хаты және "Күміс төсбелгісі" табысталды.

Ардақты ұстаздың шәкірттері мен әріптестері мерейтой иесінің адами болмысы, ғылымға деген адалдығы мен ұлтқа деген жанашырлығы жөнінде жүрекжарды лебіздерін білдіріп, арнайы құттықтаулар мен сый-сияпаттарын ұсынды.

Факультет деңгейінде ұйымдастырылған бұл шара — ұлағатты ғалымның ғылыми мұрасын ұрпақ жадында жаңғырту, болашақ гидрологтарға үлгі ету мақсатында өткізілді.

Сәкен Қаламқалиұлының есімі қазақ ғылымының тарихында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.