Заң және тәртіп: Полиция күніне арналған кездесу
.jpeg)
Алматы, 23 маусым 2025 жыл
Қазақстан Республикасы Полиция күні қарсаңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде студенттермен кездесу өтті. Іс-шараны азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасы ұйымдастырды.
Факультетке Жетісу ауданы полиция басқармасының өкілдері қонақ ретінде келді:
🔹 Тәрбие және кадр жұмысы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қалыкбаева Назгүл Жақанқызы,
🔹 Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Алиев Алтынбай Қалданұлы.
Кездесу барысында қонақтар студенттерге ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, заң талаптарын сақтау және қазіргі қоғамдағы құқықтық сананы дамыту маңыздылығы туралы тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ, полиция мен азаматтар арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері мен жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдары алқасының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде айтылған құқықтық тәртіпті сақтау, заңдылықты нығайту және полицияға деген сенімді арттыру – мемлекеттің тұрақтылығының негізі екендігі туралы пікірі ерекше атап өтілді. Бұл ойлар кездесудің басты бағытына айналып, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Факультет деканының атынан қонақтарға құқықтық сана қалыптастыруға, тәрбиелік және кәсіби бағыттағы жұмыста белсенділік танытқаны үшін алғыс хаттар табысталды.
Мұндай кездесулер университет пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің құқықтық механизмдер бойынша практикалық түсініктерін қалыптастырып, болашақ мамандыққа қызығушылығын арттырады.
Заң факультеті Жетісу ауданы полиция басқармасының өкілдеріне шынайы алғысын білдіреді және құқықтық тәртіп жүйесі үшін білікті мамандар даярлау ісінде табысты ынтымақтастықтың жалғасуына сенім білдіреді.