- Басты бет
- Жаңалықтар
- Берік АРЫН, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры:Отанға қызмет ету – ең асыл іс
Берік АРЫН, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры:Отанға қызмет ету – ең асыл іс

Берік Арын – қазақ дипломатиясы саласында 30 жылдан астам уақыт бойы аянбай еңбек етіп келе жатқан белгілі қоғам қайраткері, шығыстанушы маман. 2011-16 жылдар аралығында Берік Сақбайұлы Қазақстанның Мысырдағы, ал 2019-24 жылдары Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының бас директоры. Кейіпкеріміз оқырмандармен шығыстану ғылымына келу жолымен, дипломатия саласындағы қызметінің қыр-сырымен бөліседі.
– Берік Сақбайұлы, шығыстану мамандығын қалай таңдадыңыз?
– Шығыстану факультетіне түсуім – мен үшін тағдырдың тосын сыйы. 1986 жылы орта мектепті алтын медальмен тамамдаған маған көптеген жоғары оқу орындарына емтихансыз түсу мүмкіндігі болды. Дегенмен бала кезден бергі арманым еліміздегі ең үздік оқу орны саналатын ҚазМУ-дың заң факультетіне түсу еді. Алайда сол жылдары бұл факультетке мектепті енді бітірген талапкерлер үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмайтын. Себебі заңгер мамандығы ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың бірі болды. Үш емтиханды да «жақсы» деген бағаға тапсырғаныма қарамастан, сол жолы мен конкурсқа іліге алмай, ауылға қайтуыма тура келді. Елге оралып, екі білекті сыбанып, еңбек жолын бастадым. Жоспарым бір жылдан соң сол университетке қайта барып, заң факультетіне құжат тапсыру еді. Алайда кәмелет жасқа толған соң әскерге шақырылып, өмірімнің екі жылын Отан алдындағы борышымды өтеуге арнадым. Әскерден оралған соң тағы да заң факультетіне құжат тапсырып, алда тұрған сынақтарға репетитор жалдап дайындала бастадым. Бірде мені оқуға дайындап жүрген мұғалім университетте жаңа – шығыстану факультетінің ашылып жатқанын, факультет деканы – еліміздің белгілі шығыстанушысы Әбсаттар Дербісәлі және тарихшы ғалым, профессор Кеңес Қожахметов талапкерлермен кездесу өткізетінін хабарлады. Тағдырдың тарау жолында әр адамның өміріне әсер ететін бетбұрыс сәті болады. Мен үшін сол кездесу жаңа өмірге бастар соқпақтың бастауы болды. Әбсаттар Бағысбайұлының араб әлемі туралы әңгімесі өзім мектепте тығылып жүріп оқыған «Мың бір түн» ертегілеріндей әсер етті. Әсіресе оның «Еліміз жақында тәуелсіздік алады, бізге шетел тілдерін меңгерген өз мамандарымыз қажет» деген сөздері Желтоқсан рухы сөнбеген біздің жүрегімізге жаңа үміт отын жақты. Нәтижесінде кездесуден соң мен заң факультетінің қабылдау комиссиясында жатқан құжаттарымды алып, шығыстану факультетіне тапсырдым. Сынақтарды сәтті тапсырып, шығыстану факультетінің араб бөлімінің студенті атандым.
– Әріптес арабтанушылар қазіргі араб әлемінде классикалық араб тілімен, яғни Құран тілінде сөйлейтіндердің аз екенін айтады. Осы мәселеге қатысты өз ойыңызбен бөліссеңіз және әдеби араб тілін меңгеру барысында кездескен қиындықтар жайында оны жеңудегі тәжірибеңізге тоқталсаңыз.
– Шындығында, қазіргі араб әлемінде классикалық араб тілі – фусха – күнделікті өмірде сирек қолданылады. Бұл арабтанушылар арасында жиі қозғалатын мәселе. Шығыстағы 22 араб мемлекетінде ресми әдеби тілден бөлек, әр елдің өз диалектісі бар. Бұл диалектілердің ұқсамайтыны соншалық – Мағриб арабтары мен Машрик арабтары бір-бірін мүлдем түсінбейді. Ал бұғаздық арабтардың диалектілерін өзге аудандарда тұратын халық түсіне бермейді. Бұл жерде енді барша арабтарға аз-маз болса да, түсінікті болып табылатын Мысыр диалектісін ерекше атап өткен жөн. Бұл диалектінің кеңінен таралуына да белгілі Мысыр фильмдері мен араб әлемі сүйіп тыңдайтын Умм Кульсум секілді танымал әншілер себеп болды деуге негіз бар.
Шығыстану факультетінің 3-курсынан соң біздің топтың студенттері Марокконың Мекнес қаласына тілдік тәжірибеден өтуге барғанда, жергілікті халық біз университет қабырғасында үйренген классикалық араб тілін – фусханы түсінбей, бізге аспаннан түскендей қарайтын. Марокколықтар негізінен француз тілінде сөйлеуге тырысатын немесе өз диалектілерінде сөйлесетін. Осы тұрғыда 1930 жылдарда КСРО-ның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі болған, қазақтан шыққан алғашқы елші – Нәзір Төреқұлов туралы айтқым келеді. Ол университет қабырғасында әдеби тілмен бірге араб диалектілерін үйренудің маңыздылығына тоқталып, жоғары оқу орындары «арабтанушылар» емес, «құрантанушылар» дайындайтынын айтып кеткен еді.
– Сіздіңше, фусханы үйрену әлі де өзекті ме? Егер фусха күнделікті өмірде көп қолданыла қоймаса, араб тілін оқып жүрген студенттер тілдік тәжірибеден қалай өтпек?
– Әдеби араб тілі – фусханы үйрену әлі де өте маңызды деп ойлаймын. Өйткені ресми хат алмасу, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас, телехабарлар (фильмдерден басқа) әдеби тілде жүреді. Араб әлемінде білімді адамдар саны өскен сайын, фусханы меңгергендер де көбейіп жатыр. Себебі мектептерде және жоғары оқу орындарында сабақтар әдеби араб тілінде өтеді. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, біздің заманымызда тіл үйренетін қосымшалар, араб тіліндегі теледидар мен радио арналар болған жоқ. Бірақ біз араб тілінде көп оқып, көп тыңдауға тырыстық. Мен Араб еліне барған соң, жергілікті телеарналарды қарап, радио бағдарламаларын тыңдай бастадым. Тіл иелерімен жиі-жиі сөйлесіп, тілімді сындыруға тырыстым. Кез келген шетел тілін үйренгенде ең маңызды нәрсе – ол қате айтудан қорықпау. Мақсатыңыз тілді жақсы игеру болса, онда сіз тіл иелерімен күнделікті араласуға, мәтіндерді көп оқуға, тыңдауға және көп сөйлеуге тырысыңыз. Монологтар, диалогтар құрастырып, оны қолданудың да маңызы зор. Тілдік кедергіден құтылу үшін тіл иелерімен жиі сөйлесу керек. Сөйлеу барысында кететін қателіктерден еш ұялмаңыз. Өйткені қателік – дамудың бір бөлігі, үйренудің жолы. Атамыз қазақ «Оқусыз білім жоқ, қателіксіз тәжірибе жоқ» деп бекер айтпаса керек.
– ҚазМУ-да өткен студенттік өміріңіз туралы айтып берсеңіз. Сіздің тұлға ретінде қалыптасуыңызға университет қандай үлес қосты?
– Меніңше, кез келген адам үшін студенттік жылдар – өмірдегі ең қызықты кезеңдердің бірі. Менің студенттік шағым КСРО-ның ыдырауымен және әлем картасында жаңа тәуелсіз мемлекет – Қазақстан Республикасының пайда болуымен тұспа-тұс келді. Сондықтан университеттегі оқу жылдары түрлі тарихи оқиғаларға, қызық пен шыжыққа толы болды. Әсіресе университет қабырғасында өткен алғашқы үш жылды ерекше есіме аламын. Біз сол кезде бәріміз Қазақстанның тәуелсіз, егемен ел болуын тағатсыздана күттік. Кешке қарай ұзақ уақыт достарымызбен елдің келешегі туралы пікір таластырып, қызу талқылаулар өткізетініміз әлі есімде. Біздің пікірталасымыз мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда қандай мүмкіндіктерге ие болады, болашақты қалай елестетеміз – міне, осы тақырыптар айналасында өтетін еді. Тағы бір айтатын жайт, біз сабақты жан-тәнімізбен оқып, алған біліміміз тәуелсіз Қазақстанға қажет болады деген нық сеніммен оқыдық. Университет қабырғасындағы соңғы жылдар, әрине, оңай болған жоқ. Халықтың негізгі уайымы күнкөріс болды. Бұл жағдай, әрине, білім сапасына да әсер етпей қоймады. Дегенмен сол кездегі барлық қиындықтарға мойымай, бізге терең білім беріп, өз-өзімізге деген сенімді ұялатып, болашаққа жол сілтеп, тұлға ретінде қалыптасуымызға себепкер болған ұстаздарыма алғысым шексіз.
– Өзіңізге дәріс берген ұстаздарға тоқтала кетсеңіз.
– Әрине, ең алдымен шығыстану факультетінің негізін қалаушы, белгілі арабтанушы ғалым Әбсаттар Дербісәлі ағайды айта аламын. Ол кісі бізді әрдайым қолдап, қорғап, рухымызды оятып, тұлға ретінде қалыптасуымызға үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ араб тіліне деген махаббатымызды оятқан, талапшылдығы және принципшілдігімен жадымда мәңгілік сақталып қалған Фейруза Ханифқызы Мамеконы ерекше ризашылықпен және үлкен құрметпен еске аламын. Сонымен қатар әр жылдары бізге түрлі пәндерден дәріс оқыған К.Қожахметов, Г.Надирова, М.Мәженова, Д.Белгібаева, Б.Тасымов, Ж.Дәдебаев, А.Чупеков, А.Тасымов, Л.Рүстемов, С.Батыршаұлы сынды ұстаздарымды да ерекше алғыс сезімімен еске аламын. Қазір арабтану саласында еңбек етіп жүрген мамандардың барлығы дерлік осы жоғарыда аты аталған ұстаздарымыздан тәлім алған.
– Берік Сақбайұлы, дипломатия саласындағы жүріп өткен жолыңыз жөнінде де айтып өтсеңіз.
– Дипломатиядағы қызмет жолым сәтті қалыптасты деп ойлаймын. Бұл салада мен ең төменгі лауазымнан – референттен бастап, Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі дәрежесіне дейін көтерілу жолында талай тар жол, тайғақ кешуден өттім десем де болады. Бұл тұрғыда маған аянбай еңбектенуге, өз-өзімді үздіксіз жетілдіруге тура келді. Еліміз тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізген жылдары тәжірибелі дипломаттар аз еді. Сондықтан көп нәрсені шалынып-сүрініп жүріп үйренуге тура келді. Бұл жолда тәжірибелерімен бөлісіп, рухани қолдау көрсеткен адамдар да аз болған жоқ. Сондай бір жағдайда аға буын әріптестердің бірі маған: «Министр болу – ол бақ, кез келгеннің маңдайына жазылмайды. Ал еңбекқор, білімді дипломат міндетті түрде елші бола алады. Елшіге лайық барлық қасиет сенде бар», – деген еді. Бұл сөздер маған қанат байлағандай әсер етті, менің жігерімді ұштап, рухымды асқақтатты. Дипломат – бір қолында қалам, бір қолында парасат ұстайтын адам. Қанша жылдар бойы дипломаттық қызметте болып, Отаныма адал қызмет ету мәртебесіне ие болған өзімді әлемдегі ең бақытты адамдардың бірі санаймын. Өйткені Отанға қызмет ету әрбір адам өміріндегі ең бағалы, ең асыл іс деп есептеймін.
– Егер қателеспесем, сіз шығыстану факультетінің түлектері арасынан шыққан алғашқы төтенше және өкілетті елші екенсіз. Бұл лауазымның әр дипломат үшін үлкен жауапкершілік жүктейтінін білеміз. Бұл туралы не айтасыз?
– Елші болу – өз еліңді әлем алдында ең жоғары деңгейде таныстыру. Бұл кез келген дипломаттың арманы, сонымен бірге үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Жаңадан тағайындалған елшінің шет мемлекет басшылығына тапсыратын Сенім грамотасында Мемлекет басшысының мынадай сөздері бар: «Осы Сенім грамотасын ұсынған елші (аты-жөні) қабылдауыңызды, оған толық сенім артуыңызды, менің және Қазақстан Республикасының үкіметі атынан айтқан барлық сөзіне құлақ асып, сенім білдіруіңізді сұраймын». Осы сөздерден-ақ ел мен Президенттің үлкен сенімі әрі зор жауапкершілік жүктеліп тұрғанын аңғару қиын емес. Әр елші – өз елінің бет-бейнесі. Ол барлық жағынан жоғары деңгейде, үлгі тұтарлықтай тұлға болуға тиіс. Ел мүддесін қорғап, азаматтардың құқығы мен абыройын халықаралық алаңда жанкештілікпен қорғауға, еліміздің ұстанымын танытып, лайықты түрде насихаттауға міндетті. Маған араб әлемінің жетекші елдері: Мысыр Араб Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігінде, сондай-ақ қосымша Марокко, Алжир, Тунис, Ливия, Бахрейн мемлекеттерінде Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқару мәртебесі бұйырды. Сондай-ақ бірқатар беделді халықаралық ұйымдарда – Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Африка одағы, Араб мемлекеттері лигасы, Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымында Қазақстанның өкілі болдым. Осы тұрғыда маған сенім артқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа және еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа шексіз ризашылығымды білдіремін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Фатимабибі ДӘУЛЕТ,
Қытайтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры
Басқа жаңалықтар


