ҚР Парламенті депутаттары ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктерімен таныстыFarabi University

ҚР Парламенті депутаттары ҚазҰУ-дың ғылыми жетістіктерімен танысты

2 шілде, 2025

ҚР Парламенті Сенаты және Мәжілісінің депутаттары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми сапармен келіп, ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты.

Оқу ордасына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары – Алтынбек Нухұлы, Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаттары – Жанарбек Әшімжанов, Ирина Смирнова, Айдос Сарым, Ермұрат Бапи арнайы ат басын бұрды.

Кампус тур аясында қонақтарға «Қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану» Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы таныстырылды. Қытай Ғылым академиясының Экология және география институтымен бірлесіп құрылған қашықтықтан зондтау орталығында спутниктік және геокеңістіктік талдаудың озық әдістері пайдаланылады. Яғни мұндағы ғалымдар Орталық Азиядағы климаттың, экологияның өзгеруі, құрғақшылық, жердің деградациясы, су ресурстарының тапшылығы және Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі сынды құбылыстарға сараптама жүргізеді.

Мәртебелі меймандар бұдан кейін Суперкомпьютер орталығын аралады. Орталық мамандары әлемдегі үздік 600 суперкомпьютердің бірі ҚазҰУ-да екенін жеткізді. Оның қуаты ең заманауи дербес компьютерден 10 мың есе артық. Қазіргі қолданыстағы компьютерлердің ондаған жылдар бойы орындайтын есептерін бір сағатта шешуге қабілетті. Еліміздің зерттеушілері ҚазҰУ суперкомпьютерінің есептеу қуатын климаттық модельдеу, машиналық оқытудың озық алгоритмдерін әзірлеу, Big Data және жасанды интеллект салаларында да пайдалана алады.

Ал Робототехника орталығында Германияның алдыңғы қатарлы KUKA компаниясының роботтары қонақтар назарына ұсынылды. Депутаттар өндірісті автоматтандыру, цифрландыру бағытындағы қызметтің өзектілігіне мән беріп, ғылыми орталық қызметкерлерімен пікір алмасты. 

Депутаттар Farabi HUB инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығында да болып, университеттің зерттеу нәтижелерін көзбен көрді. Мұндағы соңғы үлгідегі зертханалар ғылым мен технологияның әртүрлі салаларында зерттеулер жүргізіп, тәжірибе жасауға мүмкіндік береді. Креативті индустрия, жасанды интеллект, стартап жобаларды жүзеге асырады.

Шара соңында депутаттар ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымы мүмкіндіктерін талқылап, жоғары баға берді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі