- Басты бет
- Жаңалықтар
- Сауд Арабиясы кітапханаларында сақталған қазақ даласы ғалымдарының қолжазбасына зерттеу
Сауд Арабиясы кітапханаларында сақталған қазақ даласы ғалымдарының қолжазбасына зерттеу

2025 жылы 13-19 маусым аралығында AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» ғылыми жобасы аясында жоба жетекшісі Жамашев Азамат Шутбаевия Сауд Арабиясы қалаларына ғылыми іссапарға шығып, қолжазба қорлары бар кітапханалар мен мұражайларда зерттеу жасады, маңызды тарихи, мәдени орталықтарды аралап, білікті мамандармен, зерттеушілермен пікір алысты.
Іссапар мақсаты Сауд Арабиясы кітапханалар мен мұрағаттардан қазақ жеріндегі алғашқы діни білім беру негіздері мен философиялық, логикалық еңбектерге байланысты шығармаларды зерттеу болатын. Жидда және Риядтың ғылыми орталықтарына зерттеу нәтижесінде қазақ жерінде ғылым мен білімнің қалыптасу тарихынан хабар беретін ақпараттар табылды, кітапхана мен мұрағаттардағы қолжазбаларды жүйелеу арқылы қазақ даласы ойшылдығының антологиясына енетін отандық дерекнамалық қорлардағы мәліметтер жиналуда.
Жекелей қарастыратын болсақ, Жидда қаласындағы Мәлік Фаһд атындағы жалпы кітапхана мен Мәлик Абдулазиз университетінің Орталық кітапханасына барып, олардың қорымен жіті таныстық, мамандармен сұхбат құрдық, электронды және қағаз каталог негізінде тарих, этнография, өнер, этика, мәдениет, философия салалары бойынша еңбектер зерттелді. Нәтижесінде Фараб, Тараз, Женд ғалымдарының, мысалы, Әбу Наср әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «әл-Жамғ бәйнә райәй әл-хакимәйн» (Екі философ көзқарасын тоғыстыру), «Ихса әл-ғулум» (Ғылым классификациясы), «әл-Әлфаз әл-мустағмала фи әл-мантық» (Логикада қолданылатын сөздер), «Китәб әл-хуруф» (Қаріптер кітабы) бірнеше басылымы, «Китәб әл-миллә уә нусус ухра», «әс-Сияса әл-мәдәния», «Фусул мунтәзаға» трактаттары мен оның философия, саясат, логика бойынша көзқарастарын білдіретін, өзге философтармен бірге қарастырған зерттеушілер тарапынан жазылған еңбектер, Исхақ ибн Ибраһим әл-Фарабидің «Диуан әл-әдәбы», Әбу Наср Исмаил ибн Хаммад әл-Жәуһари әл-Фарабидің «Тәж әл-луға», Абдулла Мубашшир әт-Таразидің «Интишәр әл-ислам фи әл-аләм» (Исламның әлемге таралуы), Әбу Сүлейман Дәуд әл-Бинәкати «Раудату ули әл-әлбаб» - «Тариху Бинәкати», Ахмад ибн Махмуд әл-Женди «әл-Иқлид Шарх әл-муфассал» шығармалары табылды. Сонымен қатар, «Дәр әл-фунун әл-исламия» мұражайының қолжазбалар бөлімінен ислам тарихына қатысты жәдігерлерге тап болдық.
Келесі кезекте эр-Рияд қаласына барып, Мәлик Фахд Ұлттық кітапханасы, Мәлик Файсал атындағы ислам зерттеулері орталығы мамандарымен сұхбат құрылды, қолжазбалар мен сирек кітаптар қорлары каталогтарынан қазақ жеріндегі алғашқы діни білім беру негіздері мен философиялық, логикалық еңбектерге байланысты шығармалардың мол нұсқасы табылды. Кітапхана зерттеушілері құрастырған каталогтардың методологиясы тиімді әрі тәжірибеде қолдануға тұрарлық.
Қорыта айтқанда, Сауд Арабиясы кітапханаларының қорынан еңбектердің қолжазбалары мен басылып шыққан кітаптар нұсқасы табылды. Қолжазбалардың басым бөлігі Рияд және Мекке кітапханаларында сақталған. Зерттеу барысында қағаз және электронды каталогтар қарастырылып, қолжазбалардың өзімен тікелей жұмыс жасалды. Көбіне Фараб, Испижаб, Тараз, Итқан ғалымдарының еңбектері қаралды. Сауд Арабиясына іссапар нәтижесінде мақала және монография дайындауға қатысты құнды ақпараттарға қол жеткіздік, кітапханалармен байланыс орнаттық, осылайша, іссапардың мақсаты толығымен жүзеге асты деп айта аламыз.
Басқа жаңалықтар
