Қазақ даласы ғалымдары шығармаларының Египет кітапханаларында сақталуыFarabi University

Қазақ даласы ғалымдары шығармаларының Египет кітапханаларында сақталуы

20 шілде, 2025

 

2025 жылы 12-20 шілде аралығында AP22686474 «Қазақ даласы ойшылдарының әлем мұрағаттарындағы арабтілді дереккөздер антологиясы» ғылыми жобасы аясында жоба жетекшісі Жамашев Азамат Шутбаевич Египет қалаларына ғылыми іссапарға шығып, қолжазба қорлары бар кітапханалар мен мұражайларда зерттеу жасады, маңызды тарихи, мәдени орталықтарды аралап, білікті мамандармен, зерттеушілермен пікір алысты.

Іссапар мақсаты – Египет мемлекетінен табылған дереккөздерге сүйеніп ғалымдардың тұлға ретінде қалыптасуына әсер еткен ортаны зерттеу және білім алу ерекшеліктеріне қатысты мәліметтерді сараптау, зерттеушілерімен кездесу. Каир мен Александрия қалаларындағы мұрағат базасымен жұмыс істеп қазақ даласынан шыққан тұлғалар және олардың еңбектері жинақталды, антология құрамына енетін материалдар дайындалуда.

Мысырдағы ең көп қолжазба сақталған кітапхана «Дәр әл-кутуб әл-мысрия», әл-Әзһар кітапханасы, Мәктаба әл-әуқаф, Каир университетінің Шығыстану орталығы, шығыстану кітапханаларының қолжазба қорлары мен қағаз және электронды каталогтарына зерттеу жасадым. Кітапхана мамандары мен қолжазбатанушылармен сұхбаттастық, тәжірибе алмастық. Каир университетінің профессоры Юсуф Һиндауидің «Ислам қолжазбаларын оқудың спецификасы» тақырыбында семинарға қатысып, сертификат алдық.

Арабша қолжазбалар институтындағы қолжазбалар мен сирек кітаптар қорлары каталогтарынан қазақ жеріндегі алғашқы діни білім беру негіздері мен философиялық, логикалық еңбектерге байланысты шығармаларды таптық. Мысалы: Әмир Кәтиб Итқани еңбектері «Ғаят әл-баян», «әш-Шәмил», фиқһтан «Рафғ әл-йәдәин» мәселесіне қатысты, «Қасида әс-сафа»; Алауддин әл-Испижаби «Шарху мухтасар әт-Тахауи»; Кердерилер: Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Кәрдари «әл-Фәтауа әл-бәззазия», «Мәнақиб әл-имам әл-әғзам», «әр-Радд алә әл-Ғаззали уә әл-Жуәйни», Шамсуләимма Мұхаммед «Мұхтасар», Мұхаммед ибн Ибраһим «Шарху Манзума фи әл-ақаид»,  Фарабилер: әл-Жауһари «Сыхах», Исхақ әл-Фараби «Диуан әл-әдаб», Әбу Насыр әл-Фараби «Қияс», «әл-Әусат әл-кәбир», «әл-Мусиқа әл-кәбир», «әл-Мәбади» бірнеше нұсқалары, «Иттифақу раи әл-хакимәйн Әфлатун уә Әристу», «Рисәла әл-хуруф», «Тахсыл әс-сағада», «Исбәт әл-муфарақат», «Мәсаил мутафарриқа», т.б.

Александрия кітапханасынан зерттеу тақырыбына байланысты материалдарды іздедік: электронды және қағаз каталог негізінде тарих, этнография, өнер, этика, мәдениет, философия салалары бойынша еңбектер қарастырылды. Александрия кітапханасында 7-21 шілде арасында халықаралық кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрме аясында 18.07.2025 доктор Фатахия әл-Фараржидың "Әдеби өмірбаян еңбектерінің жазылуы" семинарына қатыстық. Осылайша, қолжазбалардың мол нұсқасы табылды, кітапхана және қолжазба зерттеушілерімен кездесіп, жоба аясында оң нәтижелерге қол жеткіздік.