Climate Corps Summer School 2025: Корея университетіндегі білім мен идеялар

«Гидрология» мамандығының екінші курс докторанты Раушан Ырысбек, шілде айының 7–12 жұлдызы аралығында Корея Университеті ұйымдастырған Climate Corps 2025 халықаралық жазғы мектебіне қатысып, тәжірибе алмасты. Бұл бағдарлама әлемнің алты құрлығынан 35 университеттен 130 қатысушыны біріктіріп, жаһандық экологиялық мәселелерді пәнаралық және мәдениетаралық ынтымақтастық арқылы шешуге бағытталды.
«Климаттық дағдарысты еңсерудегі халықараралық серіктестік» тақырыбында өткен бағдарлама аясында дәрістер, семинарлар, топтық жобалар және танымдық саяхаттар ұйымдастырылды. Докторант Раушан Перу, Қытай, Колумбия және Оңтүстік Корея елдерінен келген қатысушылармен бірге Water Management (Су ресурстарын басқару) атты халықаралық топтың құрамында болып, «Мексиканың ауылшаруашылық аймақтарындағы ағынды суларды тұрақты басқаруға арналған жасанды сулы-батпақты жерлер» тақырыбында жұмыс жасады.
Бұл жобаның мақсаты – инфрақұрылымы шектеулі ауылшаруашылық жерлерде ағынды суларды тазарту бойынша экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдер ұсыну болды. Олар табиғи үдерістер мен биологиялық әртүрлілікті пайдалану арқылы суды тазартуды жақсарту және экологиялық тұрақтылықты қолдау жолдарын зерттеді.
Бағдарлама барысында ерекше әсер қалдырған іс-шаралардың бірі — Сеул қаласындағы кәріз жүйесі жөніндегі ғылыми мұражайға жасалған танымдық саяхат. Онда қатысушылар Оңтүстік Кореяның сарқынды суларын тазартудың заманауи технологияларымен және экологиялық жаңалықтарымен танысты. Бұл саяхат «Су ресурстарын басқару» тобының зерттеу тақырыбы үшін өте пайдалы болды.
Оқу бағдарламасынан бөлек, қатысушылар нөлдік-қалдық қағидаларын ұстанып, қайта пайдалануға болатын материалдар, қайта өңделген матадан тігілген киімдер мен экологиялық қаптамаларды қолданды. Бұл тұрақты дамудың күнделікті өмір мен білім беруде де жүзеге асатынын көрсетті.
Бағдарламаның соңында әрбір топ өз жобаларын сарапшылар алқасына таныстырды. Бұл тәжірибе қатысушылардың жаһандық топтық жұмыс, сыни ойлау және ғылыми коммуникация дағдыларын дамытуға ықпал етті.
«Climate Corps Summer School 2025 бағдарламасына қатысу – менің академиялық және кәсіби даму жолымдағы маңызды кезең болды. Өз университетімді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын және бағдарлама барысында алған білімім мен тәжірибемнің алдағы уақытта нақты экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізетініне сенімдімін».
— Раушан Ырысбек
Басқа жаңалықтар

