
Жаңа оқу жылы – жаңа белес!
2025 жылғы 2 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде дәстүрлі жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты кездесу өтті. Бұл күн – жас талапкерлер үшін студенттік өмірдің алғашқы парағы, үлкен арманға бастар жолдың бастамасы болды.
Бұл кездесуде факультет деканы, г.ғ.к., доцент Ақтымбаева Алия Сағындыққызы құттықтау сөз сөйлеп, білімнің биік шыңына жетелер төрт жылдың әр сәтін тиімді өткізуге шақырды.
Сондай-ақ кафедра меңгерушілері мен жетекші профессор-оқытушылар жас буынға ақ жол тілеп, ғылымға деген құштарлық пен ізденістің маңызын айрықша атап өтті.
Келесі кезекте мамандыққа бағытталған алғашқы дәрістер Картография және геоинформатика кафедрасында өткізді.
Кездесудің негізгі мазмұнын «6В07301-Геодезия және картография», «6В07302-Геоинформатика», «6В05206-Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» білім беру бағдарламалары бойынша ұйымдастырылған ғылыми дәрістерді жетекші ғалымдар т.ғ.к., доцент Джангулова Г.К., г.ғ.д., профессор Бексейтова Р.Т., г.ғ.д., профессор Көшім Ә.Ғ. және PhD, доцент Какимжанов Е.Х. оқыды. Бұл дәрістер студенттердің таңдап алған мамандықтарының ғылыми негізін терең түсінуге, кәсіби бағдарын айқындауға жол ашты.
Кездесуден кейін 1-курс студенттері куратор-эдвайзерлерімен бірге «Оқу бағдарламасының құрылымы мен ерекшеліктері» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын тыңдап, білім алудың академиялық жүйесімен танысты.
Сонымен қатар, университетті таныстыру бағдарламасы аясында студенттер Қазақстан–Қытай бірлескен зертхана орталығына, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасына арнайы экскурсия жасады. Және Университет мұражайына барып, білім ордасының тарихи даму жолы мен жетістіктерін зерделеп, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының (СҚКО) қызметтерімен танысты.
Осылайша, жаңа оқу жылының алғашқы күні 1-курс студенттері үшін тек танысу кеші ғана емес, ғылым мен білім әлеміне ашылған жаңа қақпа болды. Бұл шара – жастардың университет өміріне бейімделуіне, болашақ мамандығын терең түсінуіне және ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық әлеуетін сезінуіне зор мүмкіндік берді.
Факультет басшылығының айтуынша, жас талапкерлерге берілген сенім – елдің ертеңгі ғылыми және кәсіби дамуына қосылған үлес.
Басқа жаңалықтар


