Президент Жолдауы және білім өрісінің жаңа белесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауын тыңдай отырып, ел дамуының бағыт-бағдары ғана емес, сөздің салмағы мен мәнерінен де замана үнін сезіндік. Мемлекет басшысының айтқан әрбір ойы – тек саяси бағдарлама емес, ұлттық өркениетіміздің ілгері қадамдарына жасалған рухани ишара іспетті.
Мен үшін Жолдаудың ең өзекті арнасы – білім беру мен ғылымды дамыту мәселесі. Өйткені ұстаз үшін білім – жай ғана кәсіп емес, халықтың болашақ тағдырын айқындайтын құбылыс.
Президенттің цифрлық мемлекет құру жөніндегі бастамасы – бүгінгі өркениеттік үдерістің табиғи жалғасы. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар дәуірінде біз дәстүрлі педагогиканың аясында ғана қалып қойсақ, студенттің көкжиегін тарылтып алуымыз мүмкін. Ендігі міндет – цифрлық мәдениет пен гуманитарлық дүниетанымды тоғыстыру. Себебі нағыз білім – тек есептеу жүйесінде емес, ойлау мәдениетінде жатыр.
Жолдауда ғылым мен өндірісті жақындату қажеттігі ерекше аталды. Бұл – әуелден біздің білім жүйесінің әлсіз тұстарының бірі еді. Теория – қаншалықты биік болғанымен, егер ол өмірмен ұштаспаса, оқулықтың парақтарынан әрі аса алмайды. Ал ғылымның табиғи тынысы – халықтың күнделікті тіршілігіне, елдің өндірістік қуатына қызмет ету. Демек, университет қабырғасындағы ізденіс енді нақты кәсіпорындардың тәжірибесіне айналуы тиіс. Бұл орайда студенттің әрбір ғылыми жобасы болашақ экономиканың бір кірпіші болып қаланғаны жөн.
Маған ой салған тағы бір тұс – жас ғалымдардың бастамаларын қаржыландыру мәселесі. Расында да, біздің аудиторияларда кейде ұшқын шашқан идеялар пайда болады. Бірақ сол ұшқынның алауға айналуы көбіне қаржының жоқтығынан тоқырап қалады. Егер банктер мен қорлар жас ізденістерді қолдаса, онда ғылым тек қағаздағы диссертация емес, қоғамды өзгертетін күшке айналар еді.
Президент сөзінде азық-түлік қауіпсіздігі мен логистиканы дамыту міндеттері де көтерілді. Бұл – жас буын үшін жаңа мүмкіндік. Өйткені ауыл шаруашылығын цифрландыру, тасымал жүйесін жетілдіру, «Смарт-карго» сынды бастамалар – тек экономикалық жоба емес, білімді жаңа деңгейде қолданудың айқын үлгісі.
Қорытындылай келе, Жолдау мен үшін жай ғана саяси құжат емес, ұстаздық жолымызға арналған үндеу болып естілді. Білім беру саласына қатысты айтылған ойлардың әрбірін оқытушы-ғалымдар ести алса, жеке міндетім деп қабылдай алса, бізге артылған сенімнің де, парыздың да салмағы мен нәтижесі айқындала түседі.
Жанар Акимишева Әбдісадыққызы
Филология ғылымдарының кандидаты, доцент м.а.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасы
Басқа жаңалықтар

