- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚАЗАҚСТАН МЕН МАЛАЙЗИЯДАҒЫ ИСЛАМТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР: ОРТАҚ ТҰСТАРЫ МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы өткізілді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «ҚАЗАҚСТАН МЕН МАЛАЙЗИЯДАҒЫ ИСЛАМТАНУЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР: ОРТАҚ ТҰСТАРЫ МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясы өткізілді.

Қыркүйектің 10-шы жұлдызы әл-Фараби кітапханасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Малайзия университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан мен Малайзиядағы исламтанулық зерттеулер: ортақ тұстары мен өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясының бірінші күні өтті. Конференция 10-12 қыркүйек күндері арасында өтеді. Аталған шараның мақсаты БҰҰ-ның «Сапалы білім беру», «Тұрақты даму үшін серіктестік» тұрақты даму мақсаттарына сай келеді.
Конференцияға қатысушылар: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (Алматы қ., Қазақстан), Малайзияның Малайя университетінің (Куала-Лумпур қ.) және өзге университеттерінің, Түркияның Стамбул университетінің және өзге мекемелерінің ғалымдары.
Алғашқы күні конференция қонақтары әл-Фараби орталығын, әл-Фараби музейін және Сирек қолжазбалар қорын аралап, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері қойылды.
Конференцияны модератор философия және саясаттану факультетінің деканы Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы бастады. Ол конференция барысында Қазақстан мен Малайзиядағы исламтанудың дамуын салыстырмалы талдау, ортақ сипаттар мен айырмашылықтарды анықтау мақсаты бар екенін айтты.
Пленарлық мәжілісте құттықтау сөз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Дүйсенов Еркін Эрманұлына берілді. Еркін Эрманұлы конференциядағы барша қатысушыларды құттықтап, екі елдің ғылыми байланыстарының маңызын атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарымен серіктестігі, бірлескен ғылыми жобалар мен академиялық алмасулардың нәтижелері айтылды.
Малайя университетінің факультет деканы профессор Мохд Фаузи Хамат құттықтау сөз сөйлеп, ҚазҰУ-дың қонақжайлығы мен ұйымдастырушылық еңбегін жоғары бағалады. Ол конференцияның ислам өркениетін зерттеудегі өзектілігін атап өтіп, Қазақстан мен Малайзия арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың маңызын көрсетті.
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Ершат Оңғар Ағыбайұлы, шараның халықаралық деңгейде екендігін және исламтану ғылымының маңыздылығын атап өтті. Әр елдің өзіндік екі тәжірбиесінің тоғысуы ғылымды жаңа деңгейге көтеретініне сенімді.
Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Қиқымов Нұрлан Медсантұлы сөз кезегінде бүгінгі шараның конфессияаралық қатынастарды дамытудағы маңызына назар аударды.
Алқалы жиында Басқарма төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Дүйсенов Еркін Эрманұлы Малайя университетінің Ислам тарихы, өркениеті және білім беру кафедрасының меңгерушісі, доктор, профессор Мохд Руслан Мохд Норға екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықты дамытуға үлес қосқанына орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттады.
Сонымен қатар ҚазҰУ мен Малайя университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды, бұл құжат болашақ бірлескен жобаларға, академиялық алмасуларға және ғылыми серіктестікке жол ашады.
Бұл конференция Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Малайзия университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады. Шара аясында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылып, естелік сыйлықтар алмасу рәсімі өтті.
Пленарлық мәжілісте Қазақстан мен Малайзияның белгілі ғалымдары мазмұнды баяндамалар жасады. Конференция барысында философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейрбаев «Қазақстандағы дінтанулық және діни білім беру: зайырлылық пен руханияттың үйлесімі» тақырыбында баяндама жасап, зайырлылық қағидаларына сай, дінтанулық және діни білім берудің ерекшеліктерін атап өтті. Малайя университетінің факультет деканы, профессор Мохд Фаузи Хамат «Қазіргі үмбет: ішкі бөліністер мен сыртқы сын-қатерлерді еңсеру және тұрақты болашаққа жету» мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, профессор Мохд Руслан Мохд Нор «Даладан бұғаздарға дейін: Ислам өркениеті өрнегіндегі Қазақстан мен Малайзия» тақырыбындағы баяндамасында екі елдің тарихи-мәдени сабақтастығына тоқталды.
Ал дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, профессор Айнұр Құрманалиева «Қоғам үшін дін мамандарын даярлаудың маңыздылығы» туралы ойларын ортаға салды.
Конференция барысында Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК ФСДИ Дінтану бөлімінің бас ғылыми қызметкері Сатершинов Бақытжан Меңлібекұлы Қазақстан мен Малайзия арасындағы ынтымақтастық пен ғылыми байланыстардың болашағы жарқын екеніне сенімін білдірді.
Баяндамалардан кейін сұрақ-жауап өткізіліп, қатысушылар пікір алмасып, фотосессия жасалды.
Конференция Қазақстан мен Малайзия арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтып, исламтану саласында жаңа зерттеу бағыттарына жол ашты.
2025
Басқа жаңалықтар

