ДОКТОРАНТ ҚАЙРАТ ҚАЙПОЛЛАНЫҢ СЫНДАРЛЫ ТАҒЫЛЫМЫFarabi University

ДОКТОРАНТ ҚАЙРАТ ҚАЙПОЛЛАНЫҢ СЫНДАРЛЫ ТАҒЫЛЫМЫ

19 қыркүйек, 2025

Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы   кафедрасының 3 курс докторанты Қайполла Қайрат 2025 жылғы 9 маусымнан 13 шілдеге дейін Германияның  Геттинген Георг-Август университетінің Түркітану және Орталық Азия зерттеулері орталығында ғылыми тағылымдамадан өтті. Германияның ең көне әрі беделді оқу орындарының бірі ‑ Георг-Август университеті 1737 жылы құрылған, қысқаша Геттинген университеті деп те аталады. Бүгінде ол әлемдік деңгейде танылған жоғарғы оқу орны болып саналады. 2025 жылғы QS World University Rankings көрсеткіші бойынша университет әлемнің алдыңғы қатарлы 250 университетінің ішінде 243-орында тұр. 40-тан астам Нобель сыйлығы иегерлерінің есімі осы университетпен тығыз байланысты, солардың ішінде Вернер Гейзенберг, Макс Борн, Стефан Хелль сынды ғалымдар аталмыш білім ордасында жастарға тәлім беруде.

Докторант тағылымдама барысында шетелдік ғылыми кеңесшісі PhD Орджун Юналдың (Dr. Orcun Ünal), отандық ғылыми кеңесшісі ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры, ф.ғ.к., профессор м.а. Т.Е. Қыдырдың басшылығымен жарық көрген «Қазіргі қазақ руханиятындағы мәмлүк-қыпшақтардың әдеби, тілдік және мәдени ескерткіштерінің рөлі мен орны» атты ұжымдық еңбекті Еуропадағы ғылыми қауымдастыққа ұсынды. Ізденуші Қайрат Қайполла Геттинген университетінде білім алып жатқан шетелдік студенттермен тәжірибе алмасуына, оқытушылар құрамымен және белгілі түрколог профессор Женс Петер Лаут және басқа да тарихшы, тілші ғалымдармен жеке танысып, олардан кәсіби кеңес алып, ғылыми ізденістеріне тың серпін беретін тәжірибе жинақтап қайтты.

Тағылымдаманың бір бөлігі SUB Göttingen (Төменгі Саксония облыстық және Геттинген университетінің кітапханасында) өтті. Германиядағы ең ірі академиялық кітапханалардың бірі саналатын бұл орталықтың қорында 7 миллионнан астам, оның ішінде 400-ден аса ортағасырлық батыс қолжазбалары, 6 мыңнан астам жаңа дәуірдегі қолжазбалар және 1000-нан астам шығыс, соның ішінде исламдық жәдігерлер бар. Жиналған материалды өңдеп, хронологиялық тұрғыдан талдау жасау ғылыми жұмыстың мазмұнын айтарлықтай байыта түседі.

Болашағынан зор үміт күтетін ғалым Қайрат Қайполла сынды жастарымызға еліміздегі ғылым саласын дамытуға елеулі үлес қосады деп сенеміз және оның халықаралық деңгейге жетуіне ұстаздар қауымы тілектес.

Ғылыми ізденісіңде сәттілік серік болсын, жас ғалым!

А. Т. Қырқымбекова, А. Халел