Профессор Жолдасбекова Баян Өмірбекқызының көшбасшылық дәрісі
2025 жылғы 7 қазан күні ҚР ҒжЖБМ Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруы аясында жүзеге асырылып жатқан ЖТН19679652 «Қазақстанның қазіргі замандағы орыс прозасы: жетекші трендтер, жанрология, сюжет, кейіпкер» атты жоба шеңберінде жоба жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Баян Өмірбекқызы Жолдасбекова ашық көшбасшылық дәріс өткізді. Іс-шара ғылыми пікірталас элементтерімен, авторлық зерттеулердің таныстырылымымен және білім алушылар мен жас зерттеушілер арасындағы интерактивті диалогпен толықты.

Дәрістің мақсаты:
- Тыңдаушыларды XXI ғасырдағы Қазақстандағы орыс тілді прозаның дамуының негізгі бағыттарымен таныстыру;
- Қазіргі әдебиеттің жанрлық және сюжеттік алуандығын көрсету;
- Қазақстанның мәдени және тілдік көптүрлілігі жағдайындағы заманауи кейіпкер бейнесін талдау;
- Білім алушылардың аналитикалық және интерпретативтік дағдыларын дамыту.

Көшбасшылық дәріс қазіргі кезеңдегі Қазақстан орыс прозасының дамуындағы өзекті мәселелерге арналды. Дәріс барысында баяндамашы заманауи прозаның тақырыптық және стильдік ерекшеліктеріндегі негізгі үрдістерді жан-жақты талдап, жанрлық трансформациялар мен сюжеттік құрылымдардың ерекшеліктеріне назар аударды. Сондай-ақ посткеңестік Қазақстанның әдеби кеңістігіндегі кейіпкер бейнесінің қалыптасу сипатын айқындады.
Дәріс барысында XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басындағы Қазақстандағы орыс прозасының дамуының негізгі бағыттары қарастырылды. Лектор келесі аспектілерге ерекше назар аударды:
- Басты үрдістер: плюриэтникалық сипат, өзін-өзі сәйкестендіру, жады трансформациясы, урбандалу, посткеңестік шындықты пайымдау;
- Жанрлық алуандылық: шағын прозаның (әңгіме, новелла) белсенді дамуы, эссеистика жанрының қайта жаңғыруы, жанрлардың тоғысуы, деректі-көркем формалардың пайда болуы;
- Сюжеттік жүйе: сюжет құрылымындағы тұлғалық идентификацияны іздеу, травматикалық тәжірибе, өтпелі кезең хронотопы, дәстүр мен модерн арасындағы қайшылық;
- Кейіпкер бейнесі: шекаралық тұлға, мигрант, жаһандану жағдайындағы «кіші адам» бейнесі, мәдениеттер мен тілдер тоғысында ішкі күйзеліс кешкен кейіпкер;
- Тілдік ерекшелік: қазақ шындығына тән реалийлер мен тіркестердің қолданылуы, код-свитчинг элементтері, плюрилингвалды сананы бейнелеу.
Дәріс Қазақстандағы орыс тілді әдебиеттің ұлттық мәдени кеңістіктің құрамдас бөлігі ретіндегі маңыздылығын және оның посткеңестік әдеби бірегейлікті қалыптастырудағы үлесін айқындады. Іс-шара тыңдаушылар тарапынан зор қызығушылық тудырды. Талқылау барысында қатысушылар әдебиеттегі плюрилингвизм, кейіпкердің өзіндік сәйкестенуі, орыс және қазақ мәдени дәстүрлерінің өзара ықпалына қатысты мазмұнды сұрақтар қойды.