ҚАЗҰУ МЕМЛЕКЕТТІК ЕГЕМЕНДІК ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯНЫҢ 35 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күні мен Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Мемлекеттік егемендік туралы декларация және қазіргі Қазақстан: сын-қатерлер, жетістіктер, тұрақты дамудың ауқымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл маңызды іс-шара еліміздің тәуелсіздік тарихындағы айрықша құжаттың маңызын айшықтап, қазіргі Қазақстанның құқықтық және саяси дамуының өзекті мәселелерін талқылауға арналды.
Конференцияның ұйымдастырушыларының бірі — Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы.
Осындай ауқымды ғылыми кездесулер отандық заң ғылымының дамуына серпін беріп, жас ғалымдарға жаңа идеялар мен зерттеу бағыттарын ұсынады.
Конференция барысында қатысушылар Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының құқықтық негіздері, мемлекеттік билік институттарының жетілуі, конституциялық реформалардың нәтижелері және елдің тұрақты дамуының жаңа бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Іс-шараға отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, заңгерлер, сарапшылар мен мемлекеттік қызмет өкілдері қатысты. Олар Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи рөліне тоқталып, оның қазіргі Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамалық жүйесінің қалыптасуындағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар, конференция аясында жастарға арналған секциялық отырыстар ұйымдастырылып, жас зерттеушілер өздерінің ғылыми тұжырымдамалары мен зерттеу нәтижелерін ұсынды. Бұл олардың кәсіби өсуіне, ғылыми әлеуетін арттыруға және отандық заң ғылымына жаңа серпін беруге мүмкіндік берді.
Іс-шара соңында қатысушылар қазіргі замандағы сын-қатерлер жағдайында ұлттық егемендікті сақтау мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстанның құқықтық және саяси жүйесін одан әрі жетілдіру бағытында бірқатар ұсыныстар қабылдады.
Мұндай халықаралық деңгейдегі ғылыми басқосулар еліміздің ғылыми қауымдастығының әлемдік ғылыми кеңістікке ықпалдасуына, құқықтық мәдениетті дамытуға және Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге елеулі үлес қосады.
"Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық" кафедрасы
Басқа жаңалықтар