Егемен елдің еңсесі биік!Farabi University

Егемен елдің еңсесі биік!

24 қазан, 2025

 

Педагогикалық практика аясында «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының докторанттары 25 қазан – Республика күніне орай «Мемлекеттік Егемендік туралы декларацияға - 35 жыл» атты тақырыпта ашық дәріс өткізді.

Дәріс барысында, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылданғандығы мен Қазақстанның кеңестік жүйеден дербес даму жолына түскенін білдіретін тарихи шешім жасағандығы айтылды.

Сонымен қатар, декларацияның тарихи маңызы мен қазіргі кезеңдегі өзектілігіде сөзге тиік етілді. 1980 жылдардың соңында Кеңес Одағының саяси және экономикалық дағдарысы тереңдеп, республикалар егемендік алуға ұмтылды. Осындай жағдайда қабылданған Егемендік туралы декларация — Қазақстанның мемлекеттік билігі мен құқықтық дербестігін заң жүзінде бекіткен алғашқы құжат болды. Құжатта республика аумағының тұтастығы, табиғи ресурстардың халық меншігі екендігі, заңдардың үстемдігі және халықаралық қатынастарды дербес жүзеге асыру құқығы нақты белгіленді. Бұл қағидалар кейінірек 1991 жылғы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңда» өз жалғасын тапты.

Егемендік туралы декларация — Қазақстанның қазіргі Конституциясы мен тәуелсіздік тұжырымдамасының бастауы. Онда жарияланған дербестік, демократиялық даму және халық билігі идеялары 1995 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясында заңды түрде бекітілді.

Бүгінгі таңда декларацияның тарихи сабақтары — елдің саяси тұрақтылығы мен ұлттық бірлігін сақтаудағы маңызды идеологиялық тірек болып отыр. Егемендік ұғымы — мемлекеттілік пен ұлттық тәуелсіздіктің символына айналды.

Егемендік идеясы — тек тарихи мұра емес, бүгінгі Қазақстан қоғамының рухани және мемлекеттік дамуының негізгі ұстанымы болып қала береді.

Іс-шараға докторанттар мен магистранттар қатысты, сұрақтарға жауап берілді және тарихи маңызы бар құжат жарияланған газет назарларына ұсынылды. Тарихи құжатпен танысқан сәт ерекше толқу тудырды. Бұл құжатта халқымыздың еркіндікке, тәуелсіздікке деген ғасырлар бойғы арманының жүзеге асқаны айқын көрінеді. Әрбір жолынан ел тағдырына деген жауапкершілік пен рух биіктігі сезіледі. Оны оқу — тек ақпарат алу емес, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты терең түсіну, өзіңді тарихтың бір бөлшегі ретінде сезіну. Мұндай сәттер ұлттық мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін күшейтеді.

 

Ұйымдастырушылар: «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасының профессоры Н.Ж. Байтенова мен 1 курс докторанты Ж.А. Байгараев