Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде Топырақ экологиясы зертханасы ашылды.
Топырақ экологиясы зертханасы Тұрақты даму мақсатының 15-ші бағыты бойынша құрлық экожүйелерін қорғау, қалпына келтіру және олардың оңтайлы пайдаланылуына жәрдемдесу бойынша маңызды рөл атқарады. Бұл зертхана құрлықтағы экожүйелердің тұрақтылығын сақтау және оларды қалпына келтіру үшін қажетті ғылыми негіздерді қамтамасыз етеді. Топырақтың деградациясы, шөлейттенуі, ластануы сияқты проблемаларға ғылыми тұрғыдан шешімдер ұсыну, экологиялық зерттеулер жүргізу, инновациялық технологияларды дамыту және осы мәселелерді шешуде университеттер мен ғылыми орталықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайту – осы зертхананың негізгі мақсаттарының бірі.
Зертханада қоршаған ортаның табиғи және антропогендік факторларының топырақ жамылғысына әсерін зерттеу, ҚР өңірлерінің ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа да салаларын тұрақты дамыту мақсатында топырақтың қазіргі заманғы экологиялық жағдайын талдау жұмыстары жүргізіледі. Осы ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін зертхана ең жаңа жабдықтармен жабдықталған.
Топырақ экологиясы зертханасында жүргізілген зерттеулердің негізінде Атырау және Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының топырағында ластанудың бағыты мен қарқыны анықталды. Жүргізілген зерттеулер аясында «Батыс Қазақстан өңірі топырағының өнеркәсіптік қызмет нәтижесінде токсинді химиялық заттармен ластануын бағалау» атты тақырыпты орындау барысында 1: 3 000 000 масштабындағы топырақ картасының электронды нұсқасы және картаға байланысты топырақ мәліметтерінің қоры, ауыр металдармен ластануының картасы жасалды.
Топырақ экологиясы зертханасының ғалымдары Т.Базарбаева, Б.Шимшиков, З.Тукенова, Г.Мұқанова және докторанттар Батыс Қазақстан өңірі топырағының экологиялық мәселелері бойынша зерттеулер жүргізді. Олар топырақтағы ауыр металдардың мөлшерін бақылап, оның физика-химиялық қасиетін және механикалық гранулометриялық құрамын талдады. Сондай-ақ топырақ ластануының жинақтық көрсеткіші бойынша зерттелетін аумақтың ластану деңгейінің қауіпті санатын анықтады.
Белгілі бір географиялық заңдылықтарға сәйкес, Қазақстан территориясы аумағындағы орналасқан топырақ жамылғысы алуантүрлілігі, күрделі сипатымен ерекшеленеді. Елімізде топырақ ресурстары ауыл шаруашылығында кеңінен пайдаланылады. Егіншілік аудандарда топырақ жамылғысын аймақтың агроэкологиялық потенциалын ескерусіз және ғылыми негізсіз қарқынды пайдалану топырақ құнарлылығының төмендеуіне әкелді. Тың жерлерді игеру нәтижесінде топырақ құнарлылығының негізгі көрсеткіші – гумустың үштен бір бөлігі жоғалған. Суармалы алқаптарды тиімсіз пайдалану салдарынан топырақтың екінші рет тұздануы, батпақтану, физика-химиялық қасиетінің нашарлауы және ирригациялық эрозия пайда болған. Осыған байланысты ауылшаруашылық жерлерінің көлемі айналымнан шығарылып тасталынуда.

Сонымен қатар жер қойнауындағы табиғи ресурстарды барлау, өндіру, тасымалдаумен байланысты іскерлік белсенділіктің қарқынды дамуы топырақ жамылғысына және қоршаған ортаның барлық компоненттеріне жағымсыз әсерін тигізуде. Өндірісі қарқынды дамыған аймақтарда топырақ жамылғысы салдары өте қауіпті ауыр металдар, радионуклидтер, мұнай өнімдерімен техногенді ластануда.
Қазақстанның кең аумағында экологиялық тұрғыдан бұзылған топырақтардың сан алуан түрлерінің үйлесуі дағдарыстық жағдайды тудырып жатқан бірнеше аймақтарды бөліп көрсетуге болады.
Каспий маңы аймағында жайылымдық және техногендік топырақ жамылғысының деградациясы кең таралған. Ол суармалы жерлерде екінші рет тұздану ошақтары, топырақтың мұнай өнімдері, химиялық реагенттер және радионуклидтермен ластануы арқылы сипатталады.
Арал маңында топырақтың қарқынды шөлденуі, тұздануы және дефляция сияқты экологиялық апатты жағдай қалыптасқан.
Орталық және Шығыс Қазақстанның ірі өнеркәсіптік аймақтарында техногендік бұзылулар мен өнеркәсіптік ластану ошақтарымен ерекшеленеді.
Жоғарыда аталған мәселелерді ескерсек, еліміздің қазіргі заманауи топырақ-экологиялық жағдайын зерттеуде топырақтану саласындағы фундаменталдық ғылыми зерттеуге бағытталған шешімдердің басым болуы өте маңызды.
Топырақ жамылғысындағы теріс өзгерістерді аридизация, тұздану, деградация, батпақтану, ластану мәселелерін ескере отырып, қазіргі топырақ ресурстарының жағдайын кешенді бағалау, заманауи картографиялық әдістерді қолданып жүзеге асырса тиімді болады.
Қазіргі уақытта жер ресурстарын басқару мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр. Сонымен қатар тұрақты даму мақсатында аумақтарды басқару, топырақ жамылғысының экологиялық жағдайын бақылау, топырақтың құнарлылығын сақтау және қалпына келтіру, топырақтардың трансформациясы тенденцияларын болжау өзекті мәселелер болып саналады.
Осыған орай, Топырақ экологиясы зертханасының зерттеу жұмыстары өзекті мәселелердің бірі және зерттеу жұмысының нәтижелері халықаралық деңгейде ғылыми ізденістерде жариялануда. Осы жылы Scopus базасындағы рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда үш мақала және Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған отандық рецензияланатын басылымда үш мақала жарияланды. Сондай-ақ ҚР патенттік бюросынан бір патенттік құжат алынды.
Сонымен бірге зертханада докторанттар мен магистранттар диссертациясы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Студенттер топырақтану, топырақ мелиорациясы пәндерінен осы зертханада тәжірибелік жұмыстар жасайды. Жоғарыда аталған топырақ жамылғысындағы экологиялық мәселелерді ескеретін болсақ, онда елімізде топырақтың экологиялық жағдайына талдау жасай алатын зертханалардың көптеп ашылуы өте маңызды.
Топырақтың жағдайына зерттеу жүргізетін зертханалар жоғары оқу орындарында және өңірлерде көбірек ашылса еліміздің топырақ ресурсын қорғауға, тиімді пайдалануға, тұрақты дамуға үлесін тигізеді. Топырақтың дұрыс пайдаланылуы және қорғалуы – бұл экожүйенің тұрақтылығын сақтау және климаттық өзгерістердің әсерін азайту үшін маңызды.
Осылайша Топырақ экологиясы зертханасы тұрақты дамудың 15-ші мақсаты аясында құрлық экожүйелерінің тұрақтылығын сақтауға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіп, экологиялық білім мен әдістемелерді дамыту арқылы топырақты қорғау және қалпына келтіру бағытында маңызды үлес қосады.
Гүлжанат МҰҚАНОВА,
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының профессоры міндетін атқарушы
Басқа жаңалықтар