- Басты бет
- Жаңалықтар
- Қылмыстық баллистика бойынша көшпелі сабақ: БҰҰ-ның ТДМ 4 «Сапалы білім беру» аясында
Қылмыстық баллистика бойынша көшпелі сабақ: БҰҰ-ның ТДМ 4 «Сапалы білім беру» аясында
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде студенттердің тәжірибеге бағытталған оқу тәсілін жүзеге асыру және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаты №4 «Сапалы білім беру» шеңберінде қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасы білім берудің инновациялық түрлерін белсенді түрде енгізуді жалғастыруда. Осындай нысандардың бірі – бейіндік оқу орталықтарында және мекемелерде өткізілетін көшпелі тәжірибелік сабақтар.
2025 жылдың 8 қазанында кафедра оқытушысы Худайбергенов Ж.Т. «Криминалистика» пәні бойынша көшпелі сабақ өткізді. Сабақ Алматы облысы, Қарасай ауданы, Долан ауылында орналасқан Қазақстан Республикасының Арнайы оқу орталығында өтті.
Сабақтың тақырыбы – «Криминалистикалық баллистика, суық қару және жарылғыш заттарды қолдану ережелері мен нұсқаулары» болды. Сабақ барысында студенттер криминалистикалық баллистиканың негізгі ұғымдарымен, атыс қаруы мен оқ-дәрілердің түрлерімен және олардың құрылысы мен жұмыс істеу принциптерімен танысты. Сонымен қатар, атыс қаруынан қалған іздерді анықтау, бекіту және зерттеу әдістерін меңгерді.
Сабақтың тәжірибелік бөлігі оқу орталығының материалдық-техникалық базасын пайдалану арқылы өтті. Студенттер арнайы криминалистикалық құралдар мен үлгілерді қолдана отырып, қарумен қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын жетілдірді, дәлелдемелерді жинау және рәсімдеу тәртібін үйренді.
«Мұндай сабақтар студенттердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, криминалистикалық әдістерді қолданудың ерекшеліктерін түсінуге және құқық қорғау органдарындағы кәсіби қызметке дайындалуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Худайбергенов Ж.Т.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының қызметі құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету саласында алған білімдері мен дағдыларын тиімді қолдана алатын жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.