«Әлкей Әлеміне саяхат»Farabi University

«Әлкей Әлеміне саяхат»

3 қараша, 2025


 28 қазан 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессор, заң ғылымдарының кандидаты, “Ел тұтқа” пікірталас клубының жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың ұйымдастыруымен «Құқықтану» білім беру бағдарламасындағы 205 топ студенттері Әлкей Марғұланның ескерткішіне барып, өмірбаянымен танысты.

Сапар барысында студенттер Әлкей Марғұланның өмір жолымен, зерттеу еңбектерімен және қазақ ғылымының дамуына қосқан үлесімен кеңінен танысты. Әлкей Марғұлан – қазақ археологиясы мен этнографиясының негізін қалаушылардың бірі, қазақтың рухани және мәдени мұрасын терең зерттеген ғұлама ғалым. Ол 1904 жылы Павлодар облысында дүниеге келіп, өмірін ғылым мен ағартушылыққа арнады.

Ғалымның “Ежелгі жыр, аңыздар”, “Қорқыт ата”, “Орталық Қазақстанның көне мәдениеті”, “Қазақ халқының эпикалық дәстүрі” сияқты еңбектері қазақ тарихы мен мәдениетінің тамырын тануға зор үлес қосты. Әлкей Марғұлан басқарған археологиялық экспедициялар нәтижесінде Беғазы–Дәндібай мәдениеті сияқты бірегей тарихи ескерткіштер анықталып, қазақ жерінің ежелгі өркениеті туралы жаңа ғылыми көзқарас қалыптасты.

Іс-шара барысында студенттер ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ел тарихындағы орны мен ғылымға қосқан үлесі туралы пікір алмасты. Әлкей Марғұланның еңбекқорлығы, отанға деген сүйіспеншілігі және білімге адалдығы жастарға үлгі ретінде айтылды.

Бұл іс-шара студенттерге ғалымның өмірлік ұстанымдарын терең түсінуге, ұлттық мәдени мұра мен сапалы білімнің маңыздылығын ұғынуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Әлкей Марғұланның ғылымға деген адалдығы мен елге қызмет ету рухы жастардың бойында жауапкершілік пен танымдық қызығушылықты арттырды.