«Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясы
2025 жылдың 31 қазанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы Алматы қаласында өткен дәстүрлі «Халық заңгері» республикалық әлеуметтік акциясына белсенді түрде қатысты. Іс-шара Алматы қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен Оқушылар сарайында өтті.

Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң мен тәртіп қағидаттарын нығайту және халықтың мемлекетке деген сенімін күшейту. Іс-шара барысында қала тұрғындары азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасылық және өзге де құқық салалары бойынша тегін заңгерлік кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Әрбір азамат өз құқықтары мен міндеттері туралы маңызды ақпарат алып, күнделікті өмірде туындайтын құқықтық мәселелерді шешу жолдарын үйренді. Кафедра ұжымы акцияға белсенді қатысып, тұрғындарға кәсіби деңгейде құқықтық көмек көрсетті.

Іс-шара мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі з.ғ.к., профессор м.а., Усеинова К.Р. жетекшілігімен өтті. Сонымен қатар, з.ғ.д., профессор Кегембаева Ж.А., Абдуллина С.Х. және Дарханова С.Д. сияқты тәжірибелі ғалымдар мен оқытушылар да тұрғындарға кеңес беріп, құқықтық мәселелер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мұндай іс-шаралар халық пен құқық қорғау органдарының арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, болашақ заңгерлердің кәсіби тәжірибесін арттыруға зор мүмкіндік береді. «Халық заңгері» акциясы қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың заңға құрметпен қарауын дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама болып табылады.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының осы акцияға қатысуы университеттің әлеуметтік жауапкершілігінің айғағы және құқықтық мемлекетті қалыптастыру ісіне қосқан нақты үлесі болып саналады. Алдағы уақытта да кафедра ұжымы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық іс-шараларды қолдауды жалғастырады.