- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенттерінің Ахмет Байтұрсынов мұражайына танымдық экскурсиясы «Сапалы білім беру» ТДМ аясында
ҚазҰУ студенттерінің Ахмет Байтұрсынов мұражайына танымдық экскурсиясы «Сапалы білім беру» ТДМ аясында
2025 жылдың 4 қарашасында Ахмет Байтұрсынов мұражайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Сапалы білім беру» бағыты аясында танымдық іс-шара өтті.
Философия және саясаттану факультетінің студенттері қазақтың ұлы ағартушысы, ғалым, ақын және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығымен танысты. Ол ұлттық ғылымның, білім мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан тұлға ретінде кеңінен танымал.
Іс-шараны дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамы ұйымдастырды: ф.ғ.д., профессор Байтенова Н.Ж., к.ф.н., профессор Бишманов К.М., қауымдастырылған профессор Кантарбаева Ж.У., сондай-ақ ғылыми-зерттеу практикасының жетекшісі — доцент, профессор м.а. Балтымова М.Р.
Іс-шараны ұйымдастыру мен өткізуге 2-курс докторанттары — Алимханова А.А., Калякбар Ұ.Н., Нургалиев Б.Б. белсенді атсалысты.
Экскурсия студенттердің дүниетанымын кеңейтуге, патриоттық сезімді қалыптастыруға және отандық білім беру тарихына қызығушылығын арттыруға бағытталды. Қатысушылар Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына, сондай-ақ «Алаш» қозғалысына қосқан үлесімен танысты.
Мұражайдың ерекше қызығушылық тудырған экспонаттары — сирек кездесетін құжаттар, мұрағаттық фотосуреттер, ұлы ойшылдың жеке заттары мен қолжазбалары болды. Экскурсовод Байтұрсыновтың еңбектерінің қазақ жазуы мен халық ағарту жүйесін қалыптастырудағы маңызы туралы жан-жақты әңгімеледі.
Іс-шара жылы әрі танымдық атмосферада өтті. Студенттер мұндай кездесулердің рухани мұраны тереңірек түсінуге, Қазақстан тарихы мен мәдениетін зерттеуге шабыт беретінін және ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастыратынын атап өтті.
Ахмет Байтұрсынов мұражайына бару кафедраның тәрбие және білім беру жұмысындағы маңызды оқиға болып, тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға, білімді, отансүйгіш және жауапты жас ұрпақты қалыптастыруға өз үлесін қосты.