«Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының шамшырағы»
4 қараша 2025 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қылмыстық құқық және іс жүргізу, криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессор, заң ғылымдарының кандидаты, “Ел тұтқа” пікірталас клубының жетекшісі Тлепбергенов Орынбасардың ұйымдастыруымен «Құқықтану» білім беру бағдарламасындағы 205 топ студенттері Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне барып, өмірбаянымен танысты.
Біз ұлттың ұлы тұлғасы, ғалым, геолог, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ескерткішіне арнайы барып, оның өмір жолымен тереңірек таныстық. Бұл сапар біздің бойымызда үлкен әсер қалдырды және ғылымға деген қызығушылығымызды арттырды.
Қаныш Сәтбаев – қазақ халқының мақтанышы, ғылым мен білімнің биік шыңына көтерілген дара тұлға. Ол Қазақстандағы геологиялық зерттеулердің негізін қалап, Жезқазған, Балқаш сияқты ірі кен орындарын ашуға зор үлес қосты. Ғалымның еңбегі тек ғылым саласында ғана емес, елдің экономикалық және мәдени дамуына да бағытталды.
Ескерткішке барған сәтте біз ғалымның өмірі мен еңбегін еске алып, оның адамдық қасиеттері мен елге сіңірген еңбегіне тәнті болдық. Ескерткіш – ұлттың ұлы перзентіне деген құрметтің белгісі, келешек ұрпаққа өнеге боларлық нысан.
Мұндай сапарлар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, ғылым мен еңбекті қадірлеу рухын қалыптастырады. Біз Қаныш Сәтбаевтың өмірінен үлгі алып, елге пайдасы тиетін білімді, еңбекқор азамат болуға ұмтылуымыз керек екенін түсіндік.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Ол – ел ғылымының шамшырағы, ұлттық рухтың символы.