«Жер – ортақ үйіміз: экологиялық жауапкершілік мәдениеті»Farabi University

«Жер – ортақ үйіміз: экологиялық жауапкершілік мәдениеті»

5 қараша, 2025

 

2025 жылдың 5 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» (ТДМ №13) аясында «Климаттың бағасы: экологиялық сананы қалыптастыру маңызы» атты танымдық іс-шара өтті. Іс-шараны философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасы ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық мәдениетін арттыру, климаттың өзгеруіне байланысты жаһандық және жергілікті мәселелерге назар аудару, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың діни және этикалық қырларын талқылау болды.

Кездесуге «Дінтану» мамандығының 3-курс қазақ тобының студенттері, кафедраның оқытушылары және докторанттар қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға филос.ғ.д., профессор Байтенова Н.Ж., заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бишманов К.М., филос.ғ.к., қауымдастырылған профессор Кантарбаева Ж.У., зерттеу тәжірибесінің жетекшісі доцент, профессор м.а. Балтымова М.Р. және  «Дінтану» мамандығының 2 курс докторанттары атсалысты.

Талқылау барысында қатысушылар климаттың өзгеруінің адам өміріне, қоғамның тұрақтылығына және рухани құндылықтарға әсерін қарастырды. Студенттер табиғатты сақтау мен қоршаған ортаны аялау қағидаларының ислам ілімінде және басқа да діни дәстүрлерде көрініс табатынын атап өтті.

Іс-шара аясында экологиялық мәдениетті арттыру, тұрмыста экологиялық таза әдеттерді қалыптастыру, жасыл технологияларды қолдау және экологиялық жауапкершілікті арттырудың жолдары жөнінде пікір алмасу өтті.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар табиғатқа деген сүйіспеншілік пен құрметті арттырып, жастардың рухани және адамгершілік дамуына, сондай-ақ тұрақты даму қағидаттарын жүзеге асыруға үлес қосады.