Өмірдің бағасы: лудомания – ойын емесFarabi University

Өмірдің бағасы: лудомания – ойын емес

5 қараша, 2025

2025 жылдың 5 қарашасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Өмірге тіккен бәс: неге лудомания – ойын емес» тақырыбында танымдық дәріс өтті. Іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – «Салауатты өмір салты мен амандық» (ТДМ №3) бағыты аясында философия және саясаттану факультетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасы ұйымдастырды.

Іс-шараның мақсаты – студенттердің ойынқұмарлық (лудомания) мәселесі, оның себептері мен психикалық, рухани және әлеуметтік денсаулыққа әсері туралы хабардарлығын арттыру.

Дәріске философия және саясаттану факультетінің студенттері, кафедра оқытушылары және «Дінтану» мамандығының докторанттары қатысты. Іс-шараны ұйымдастырғандар: филос.ғ.д., профессор Байтенова Н.Ж., заң.ғ.к., профессор Бишманов К.М., қауымдастырылған профессор Кантарбаева Ж.У., зерттеу тәжірибесінің жетекшісі, доцент, профессор м.а. Балтымова М.Р., сондай-ақ 2-курс докторанттары — Алимханова А.А., Калякбар Ұ.Н., Нургалиев Б.Б.

Дәріс барысында қатысушылар лудоманияның тұлға мен қоғамға зиян келтіретін психологиялық тәуелділік түрі екендігін талқылады. Оқытушылар ойынқұмарлықтың тек материалдық жағдайға ғана емес, адамның психикалық әл-ауқатына да кері әсер ететінін, үрей мен тәуелділікті күшейтіп, өз-өзіне бақылау сезімін әлсірететінін атап өтті.

Сонымен қатар, дәрісте ислам тұрғысынан құмар ойындарға берілудің рухани-адамгершілік бағалануы да қарастырылды. Ислам дәстүрінде мұндай әуестенулер уақытты бос өткізу және рухқа зиян келтірудің көрінісі ретінде айыпталады, себебі ол адамның ерік-жігері мен жауапкершілігін әлсіретеді.

Іс-шара жылы әрі мазмұнды жағдайда өтті. Студенттер белсенді түрде пікір алмасып, жастар арасындағы ойынқұмарлықтың алдын алу жолдары жөнінде өз ойларымен бөлісті. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер уақыттың, ішкі тепе-теңдіктің және психологиялық саулықтың қадірін түсінуге көмектеседі.

Осындай іс-шаралар тұрақты дамудың қағидаттарын жүзеге асыруға, салауатты және жауапты жас буынды тәрбиелеуге, сондай-ақ студенттердің рухани және адамгершілік әлеуетін нығайтуға үлес қосады.