Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушылары А.Н. Күдерина және С.Е. Құдайбергеновтың ұйымдастыруымен 1-курс студенттері Алматы музейлер бірлестігіне танымдық саяхат жасады.
Бұл музей– еліміздің бай тарихи және мәдени мұрасының айнасы. Экспозициялар тас пен қола дәуірінен басталып, қазақстандық альпинистердің Эверест шыңын бағындыруына дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Мұнда Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері, ЮНЕСКО шеңберінде Алматының 1000 жылдығын атап өту, Верный қаласының тарихы, Желтоқсан оқиғалары, Мемлекеттік рәміздер және халқымыздың рухани байлығы көрініс тапқан.
Музейдің ішкі кеңістігі заманауи және әсерлі безендірілген: интерактивті құрылғылар, бейнематериалдар мен әуендер арқылы көрермен тарих тереңіне бойлап, өткен дәуірлермен сырласқандай күй кешеді. Әрбір зал – мәдениетті сезінудің ерекше кеңістігі.
Аталған экскурсия БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – “Сапалы білім" жобасы аясында жүзеге асырылды. Мұндай танымдық іс-шаралар студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, мәдени мұраға деген құрмет пен ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Мәдениет – ұлттың жаны. Сондықтан әрбір жас ұрпақ осындай мұражайларға барып, тарихты көзбен көріп, жүрекпен сезінуге тиіс.

Басқа жаңалықтар