ҚазҰУ шыңын жақыннан тамашаладықFarabi University

ҚазҰУ шыңын жақыннан тамашаладық

10 қараша, 2025

Іле Алатауында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шыңы (4361 м) бар. Шыңға алғаш рет 1951 жылы Кузьма Яковлевич Александров бастаған альпинистер тобы шыққан. ҚазҰУ шыңына жету қиын. Біріншіден, жол өте алыс, екіншіден, шек­ара­­лық аймаққа жақын. 

ҚазҰУ шыңы туралы ҚР Аль­пи­низм және жартасқа өр­мелеу федерациясы Іле Ала­тауы­ның тау шыңдарына апа­ра­тын мар­шруттардың клас­си­фи­кация­лық кестесінде (mountain.kz) 95-ші реттік нөмірмен бел­гі­ле­ген (1951 жыл). Кестеде бұл шың­ға шығу категориясын 3А деп көрсеткен. Альпинизмде бұл орташадан жоғары қиын­дық дәрежесін білдіреді. Мұн­дай шыңдар үшін белгілі бір альпинистік дайындық, тех­ни­ка мен құрал-жабдықтар қа­жет. Әдетте, бұл категория те­ңіз деңгейінен 4000 м биіктен жоғары орналасқан шыңдарға тән. Шыңның рельефі мұзды және қарлы беткейден (25-45°), тас немесе аралас (мұз-тас) жерлерден тұрады, сондай-ақ қар көшкіні, тас құлауы қаупі бар аймақтар санатына жата­ды. Мұндай шыңға шығу үшін арқан, карабин, мұз балғасы, тісті темір аяққаптары, сақтан­ды­ру жүйелері міндетті. Қиын­ды­ғына қарай арқанмен жұмыс істеуді және өздігінен сақтан­ды­руды білу қажет. Әрі жақсы физикалық төзімділік пен биік­тікке бейімделу маңызды.

1951 жылдан кейін ҚазҰУ шыңына шыққандар туралы ақ­паратты таппадық. Бірақ біз осыдан 74 жыл бұрынғы шыңға бірінші болып шыққан, аль­пинстік топты басқарған Кузьма Яковлевич Александров туралы іздеп көрдік. Қазақстан альпинистерінің ашық дерек­кө­зіне сүйенсек (ourrocks.kz), Кузьма Яковлевич Алматы қаласында 1929 жылы дүниеге келген. Ол 1953 жылы Кеңес Одағының биік шыңдарға шығу санатында үш дүркін чемпион, ал 1954 жылы спорт шебері атағына ие болады. 1955 жылы 21 тамызда Жеңіс шыңында қат­ты аяздан үсік шалып, қаза тапқан (sport-strana.ru).

Шыңға атау кеңестік заман­да берілгендіктен, openstreetmap.org, nakarte.me картала­ры­нан КазГУ шыңы деп табуға болады. ҚазҰУ шыңының ор­на­ласу ерекшеліктерін білу үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан – Қытай бір­лескен қашықтықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану зертханасының қыз­мет­кері, аға оқытушы Жанар Райымбековаға жүгінген едік. Маманның айтуынша, ҚазҰУ шыңы Іле Алатауындағы Сыр­ғы­малымұз және Жусанды мұз­­дықтарының аралығын­да­ғы Сырғымалымұз асуын­да орналасқан (координаты 42°58'58"N 77°13'47"E). Қара­ма-қарсы бетте Жаңғырық мұз­дығы жатыр және осы жер­ден Жаңғырық өзенінің алабы басталады. Жаңғырық өзені төменде Шелек өзеніне барып құяды.

Шыңның маңайында Жу­сан­ды мұздығының еруі ке­зінде пайда болған моренада кей жылдары кішігірім су жи­на­лып, қазаншұңқыр көлге ай­на­лады. Күн райы мен мез­гіл­дер­дің ауысына қарай, көл бір жылдары толып, келесі жылы тар­тылып отырады. Дегенмен көлемі өте шағын болған­дық­тан, көлдің құжаты жасалмаған екен.

ҚазҰУ шыңын 2017 жылы 15 тамыз күні «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің ма­ман­дарының аэровизуалды ба­­қылау жүргізу шарасында тік­ұшақтан кездейсоқ алыстан түсіріп алған екенмін. Кейін бұл суреттерді earth.google.com көмегімен салыстырып, анық­тап, 2024 жылы Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түй­мебаевтың қолдауымен жарық көрген «Farabi universiteti – 90» фотоальбомында (187-бетте) жариялаған едік. Бірақ шыңды жақыннан та­ма­ша­лаудың сәті жеті жылдан кейін орындалды. 21 қыркүйек күні «Қазавиаорманқорғау» РМҚК Алматы авиа бөлімінің бас­шысы Бекзат Байшалов осы арманымыздың орын­да­луына себеп болды. Алматы мем­лекеттік табиғи қорығының аумағындағы ғылыми топты алып қайту сапарында тікұшақ ҚазҰУ шыңы маңынан ұшып өтті. Біз сол сәтті фотосуретке түсіріп үлгердік.

Шыңды фотоға түсіру ба­ры­сында «Қазавиақұтқару» қызметінің Ми-8 тікұшағымен 4500 метр биікке дейін кө­те­рілдік. Шың бірыңғай пира­ми­далы, жан-жағын мұздықтар қоршаған, адам аяғы жете бер­мейтін мұздықтар мекенінде ор­наласқан. Әрі таудағы ал­ғаш­қы қар рең беріп жатты. Төменде күн жылы болғанымен, мұнда қатты аяз сезілді. Сонда да тікұшақ терезесінен шыңды бірнеше минут әр қырынан фотоға түсірудің сәті түсті. Мүмкін, бұл шыңға 1951 жыл­дан кейін ең жақын келген топ болған шығармыз. Бірақ біз шыңға шықпасақ та, шыңды шамалы қасынан тамашалау­дың куәгері болдық. Әуе жұ­мыс­­тарын тікұшақ командирі Арман Дәулетбеков, ұшқыш-инструктор Өміржан Асан­ға­лиев, екінші ұшқыш – Серік Қажағұлов, бортоператор Мо­лот­жан Дуганов, бортмехник Аза­мат Сұлтанбаев бастаған білікті мамандар орындады. Осы тұрғыда жолай ҚазҰУ шыңының асқақ көрінісін фо­то­суретке түсіріп алуымызға жәрдем берген Бекзат Бай­ша­лов бастаған «Қазавиа­ор­ман­қорғау» РМҚК Алматы авиа бө­­ліміне алғыс білдіреміз. Бұл ҚазҰУ шыңына 74 жылдан кейін қауышқан тарихи күн бол­ды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,

Философия кафедрасының

 аға оқытушысы

Суреттерді түсірген автор