«ТДМ 2 – Аштықты жою» тақырыбында танымдық іс-шара өттіFarabi University

«ТДМ 2 – Аштықты жою» тақырыбында танымдық іс-шара өтті

16 қазан, 2025

2025 жылдың 16 қазан күні
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, "Кеден, қаржы және экологиялық құқық" кафедрасының ұйымдастыруымен, з.ғ.к., доцент Қалымбек Б. жетекшілігімен 205-топ студенттері «ТДМ 2 – Аштықты жою» тақырыбында танымдық іс-шара өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттер арасында әлемдік және ұлттық деңгейдегі тамақ қауіпсіздігі, аштық мәселесі және сапалы тамаққа қолжетімділік жайлы түсінік қалыптастыру болды.
Студенттер құқықтану факультетінің асханасындағы тағам бағасын зерттеп, басқа факультеттермен салыстыру арқылы тамақ бағасының әлеуметтік әділеттілікке әсерін талдады.
Дәріс барысында аштық пен тамақ тапшылығының тек экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік және саяси мәселе екендігі айтылды. Аштықтың туындау себептері ретінде экономикалық теңсіздік, жұмыссыздық, инфляция, ауыл шаруашылығындағы дағдарыс және экологиялық мәселелер қарастырылды.
Қазіргі таңда әлемде 800 миллионнан астам адам аштықтан зардап шегуде. Бұл көрсеткіш адамзат өркениетінің даму деңгейіне қарамастан, тағам теңсіздігі әлі де жаһандық мәселе екенін дәлелдейді.
ТДМ 2 мақсаты – 2030 жылға дейін аштықты толық жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту.
Осыған орай, студенттер Қазақстандағы ауыл шаруашылығын қолдау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру және әлеуметтік әлсіз топтарға арналған тамақтану бағдарламаларын жетілдіру жолдарын талқылады.
Іс-шара интерактивті форматта өтті: қатысушылар пікір алмасып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, олар университет асханасындағы тағам сапасы мен бағасын ЦУР 2 мақсаттары тұрғысынан бағалап, өз ойларын постер және шағын презентациялар арқылы ұсынды.
Іс-шара соңында студенттер «Аштықты жою – ортақ жауапкершілік» ұранымен барлық адамға қолжетімді және сапалы тағам қамтамасыз ету жолдарын ұсынды.