

15 қараша – Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы теңгенің айналымға енген күні. Бұл дата еліміздің экономикалық тәуелсіздігінің маңызды кезеңдерінің бірі болып саналады. 1993 жылы осы күні Қазақстан өз ұлттық ақшасын енгізіп, егемен мемлекеттің қаржылық жүйесін қалыптастыру жолында үлкен қадам жасады.
Бүгінде теңге – еліміздің қоғамдық-экономикалық өмірінде ерекше орын алатын, заман талабына сай үздіксіз дамып келе жатқан ұлттық рәміз. Оның тұрақтылығы – елдің өркендеуінің, халықтың бірлігінің және еліміздегі бейбіт тіршіліктің айқын көрінісі.
«Ұлттық валюта күніне» орай Тұрақты даму мақсаттарының «4. Сапалы білім» бағыты бойынша 14.11.2025 ж. сағат 12:00-де Тарих факультеті «6B02205-Тарих» мамандығының 1-курс студенттері кураторы Ақнұр Оразғалиқызының бастауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларынан сұхбат алып, дөңгелек үстел өткізді.
Әңгіме тек сұхбат барысында қойылған сұрақтар төңірегінде шектеліп қалған жоқ, сондай-ақ, университет табалдырығын жаңадан аттаған студенттер бұл күннің маңызына байланысты басты ақпараттармен қанықты, дөңгелек үстелде студенттер де өз пікірлерімен бөлісіп, дайындап келген баяндамаларын ортаға салды. Және бұл кездесу студенттердің ғалым ағай-апайларымен жете танысуына да ықпал етті.
Соңында профессор-оқытушылардың жылы сөзімен, тілегімен іс-шара мәресіне жетті.
Ұлттық Теңге күні құтты болсын! Әр шаңыраққа ырыс-ынтымақ тілейміз! Еліміздің экономикасы арта берсін! Ұлттық валютамыздың қадірі биік, мәртебесі асқақ бола берсін!
Ізгі тілекпен: ҚазҰУ Тарих факультетінің «6B02205-Тарих» мамандығының 1 курс студенттері. Эдвайзері – Кошымова А.О.
Басқа жаңалықтар