Химия факультеті Алматы қаласының мектеп профориентаторларымен кездесу өткіздіFarabi University

Химия факультеті Алматы қаласының мектеп профориентаторларымен кездесу өткізді

17 қараша, 2025

Осы оқу жылынан бастап орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын мектептерде кәсіби бағдар беру жұмысының жүйелі ұйымдастырылуы жаңа функция ретінде енгізілді. Профориентаторлар оқушылардың кәсіби бейімділігін анықтау, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру сияқты маңызды міндеттерді атқарады.

Осыған байланысты 2025 жылдың 17 қарашасында химия және химиялық технология факультетінде Алматы қаласының мектеп профориентаторларының қатысуымен Ашық есік күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында факультеттің білім беру бағдарламаларының құрылымы, құзыреттер жүйесі және оқу үдерісінің ерекшеліктері туралы толық ақпарат ұсынылды.

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының «6В05314 – Мұнайхимия және химмотология» білім беру бағдарламасы кеңінен таныстырылды. Кафедра тарапынан іс-шараға оқытушылар Амантайұлы Қ. және доцент Супиева Ж.А. қатысты. Қатысушыларға бағдарламаның еңбек нарығындағы өзектілігі, саланың ең сұранысқа ие мамандықтары және түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде мәліметтер берілді.

Сонымен қатар қонақтарға кафедраның заманауи материалдық-техникалық базасы – аналитикалық және эксперименттік жабдықтармен жабдықталған зертханалар мен оқу-зерттеу алаңдары көрсетілді.

Іс-шара мектеп профориентаторларына факультеттің мүмкіндіктерімен тереңірек танысуға және оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бұл іс-шара БҰҰ-ның ТДМ 4 «Сапалы білім» мақсатына қол жеткізуге өз үлесін қосады, себебі ол оқушыларға даярлық бағыттары мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

 

PhD Супиева Ж.А.