Декандардың стратегиялық басқару құзыреттілігін арттыру: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесіFarabi University

Декандардың стратегиялық басқару құзыреттілігін арттыру: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тәжірибесі

4 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 3 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде декандарға арналған стратегиялық басқару бойынша ауқымды оқыту бағдарламасының екінші күні өз жалғасын тапты. Бағдарламаға университеттің түрлі факультеттерінің басшылығымен қатар, Биология және биотехнология факультетінің деканы Курманбаева Меруерт Сәкеновна да қатысты.

Тренинг басталмас бұрын менеджмент пен стратегия саласының тәжірибелі маманы, танымал бизнес-тренер Қайсар Мақан қатысушыларға сергіту жаттығуларын ұйымдастырып, олардың назарын бір ортаға шоғырландыруға және белсенділігін арттыруға ықпал етті. Іс-шараға университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Құлбайқызы мен Бизнес мектебінің директоры Жарасхан Сәриев қатысып, бағдарламаның маңыздылығын атап өтті.

Тренинг барысында Қайсар Мақан мырза қатысушыларға келесі сұрақтар төңірегінде ой бөлісуді ұсынды:

  1. Кеше мені не таңқалдырды?

  2. Маған кешегі күннің ең ұнаған сәті қандай?

  3. Кешегі күннен не есімде қалды?

  4. Кеше мен неліктен ойланып қалдым?

Аталған сұрақтар бойынша төрт команданың декандары мен команда мүшелері кезек-кезек жауап беріп, өз әсерлері мен пайымдарын ашық түрде ортаға салды. Жауаптардың мазмұны терең, талдауы жүйелі болды. Қайсар Мақан мырза қатысушылардың жоғары белсенділігіне ризашылығын білдіріп, әрбір пікірге кәсіби тұрғыда талдау жасап отырды.

Биология және биотехнология факультетінің деканы Курманбаева Меруерт Сәкеновна талқылауларға ерекше белсенділікпен қатысып, қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Ол стратегиялық басқару дағдыларын дамыту, факультет деңгейінде ұзақмерзімді мақсаттар қою және оларды жүйелі іске асырудың маңыздылығына тоқталды. Меруерт Сәкеновна бұл тренингтің тәжірибе алмасу, жаңа басқарушылық тәсілдерді меңгеру және факультет даму стратегиясын нақтылауда айрықша пайдалы болғанын атап өтіп, мұндай бағдарламалардың тұрақты түрде жалғасуы қажет екенін айтты.

Тренингтің екінші кезеңінде стратегиялық жобалау, мақсаттар жүйесін қалыптастыру және үш жылдық жол картасын әзірлеу мәселелері қарастырылды. Әр команда өз факультетінің даму басымдықтарын айқындап, нақты стратегиялық мақсаттар мен оларды жүзеге асыру тетіктерін белгілеуге кірісті. Іс-шараның барлық маңызды сәттері фотоға түсіріліп, құжатталды. Тренинг мазмұндық жағынан бай, кәсіби тұрғыдан пайдалы әрі интерактивті форматта өтті.

Оқыту бағдарламасы аяқталған соң, әр декан өз факультетінің толыққанды даму стратегиясын дайындап, оны университет басшылығына ұсынатын болады. Стратегиялық құжатта мақсатты көрсеткіштер, оларды іске асыру жолдары, күтілетін нәтижелер мен нақты міндеттер жүйелі түрде айқындалмақ.