ЦУР 4 – Сапалы білім беру аясындағы дөңгелек үстелFarabi University

ЦУР 4 – Сапалы білім беру аясындағы дөңгелек үстел

15 желтоқсан, 2025

2025 жылғы 11–12 желтоқсан күндері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химиялық физика және материалтану кафедрасы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар кеңесімен бірлесіп, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсаты – «Сапалы білім беру» аясында республикалық деңгейдегі дөңгелек үстел-пікірталас өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстандағы жоғары білім беру сапасын арттыру, академиялық кадрларды даярлау, жас ғалымдарды қолдау, білім беру мен ғылымды интеграциялау тетіктерін талқылау, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу болды. Бұл бастама университеттің білім сапасы бойынша ұстанымын нығайтуға бағытталған.

Дөңгелек үстел жұмысына Қазақстанның барлық өңірлерінен 50-ден астам белсенді жас ғалымдар, сарапшылар мен білім беру саласының өкілдері қатысты. Қатысушылар қатарында Astana IT University, Nazarbayev University, Нархоз университеті, Д.А. Қонаев атындағы Тау-кен ісі институты, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және басқа да жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері болды. Сонымен қатар, шетелдік спикерлер білім беруді интернационалдандыру, цифрлық оқыту және пәнаралық тәсілдер бойынша баяндамалар жасады.

Пікірталас барысында білім беру бағдарламаларын жаңғырту, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды оқу үдерісіне енгізу, академиялық көшбасшылық, жас зерттеушілерге арналған қысқамерзімді тренингтер мен кәсіби даму бағдарламалары мәселелері кеңінен қарастырылды.

Іс-шараның модераторы әрі негізгі ұйымдастырушысы –
Тауанов Жандос Төреғұлұлы, PhD, доцент, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химиялық физика және материалтану кафедрасының меңгерушісі, ҚР ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің Президиум мүшесі.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша ұсыныстар пакеті мен резолюция қабылданып, олар Қазақстандағы білім беру саясатын жетілдіруге, университеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жас ғалымдардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталды.