Төтенше жағдайларды ерте ескерту бойынша профилактикалық семинар
География және табиғатты пайдалану факультетінде «7М05206 – Гидрология» білім беру бағдарламасының магистранттары, сондай-ақ «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлері, университет студенттеріне арналған климаттық және гидрологиялық сипаттағы төтенше жағдайларды ерте ескерту мәселелеріне арналған профилактикалық семинар өткізді.
Іс-шараның мақсаты ерте ескерту жүйелерінің жұмыс істеу қағидаттарын түсіндіру, сондай-ақ климаттық факторларға байланысты төтенше жағдайлар туындаған кезде халықтың дұрыс іс-әрекет ету дағдыларын қалыптастыру болды. Семинар барысында студенттерге таулы және тауалды аймақтарында жиі кездесетін қауіпті табиғи құбылыстар, соның ішінде сел тасқындары, жылжымалар мен қар көшкіндері туралы ақпарат берілді.

Әсіресе келесі мәселелерге ерекше назар аударылды: сел, жылжыма және қар көшкіні үдерістерінің пайда болу себептері; жеке және ұжымдық сақтық шаралары; төтенше жағдай қаупі төнген және орын алған жағдайда халықтың іс-әрекет ету тәртібі; қауіптерді азайту және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі гидротехникалық және қорғаныс құрылыстарының рөлі мен функциялары.

Семинар «Қазселденқорғау» ММ қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесіне негізделген көрнекі материалдар мен практикалық мысалдармен сүйемелденді, Бұл қатысушыларға қауіпті гидрологиялық құбылыстардың алдын алу мен оларға уақтылы ден қоюдың маңыздылығын терең түсінуге мүмкіндік берді.

Аталған іс-шара ТДМ 13 – «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» аясында жүзеге асырылды және қоғамның климаттық тәуекелдер мен табиғи апаттарға төзімділігі мен бейімделу әлеуетін арттыруға бағытталды. Семинарды ұйымдастыру және өткізу студенттердің гидрологиялық қауіпсіздік саласындағы білім деңгейін арттыруға, төтенше жағдайларға дайындық мәдениетін қалыптастыруға және білім беру үдерісін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған практикалық міндеттермен ұштастыруға ықпал етті.