ТДМ 3. «Электрондық темекі мен насыбай – жасырын қауіп»Farabi University

ТДМ 3. «Электрондық темекі мен насыбай – жасырын қауіп»

26 желтоқсан, 2025

Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ 3) аясында дайындық кафедрасының тыңдаушыларына арналған «Электрондық темекі мен насыбай – жасырын қауіп» тақырыбында кураторлық лекция өтті.

Бұл лекцияның басты мақсаты – жастар арасында кең таралып келе жатқан электрондық темекі (вейп) пен насыбайдың адам денсаулығына тигізетін зиянын ғылыми деректер арқылы түсіндіру, зиянды әдеттердің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау болды. Қазіргі таңда бұл өнімдер «зияны аз», «қауіпсіз балама» деген жаңсақ пікірлермен жарнамаланып, әсіресе жасөспірімдер мен жастарды өзіне тартып отыр. Алайда олардың артында жасырынған қауіп өте көп.

Лекция барысында электрондық темекінің құрамындағы никотиннің адам ағзасына әсері кеңінен талқыланды. Никотин – тәуелділік тудыратын улы зат. Ол жүйке жүйесіне, жүрек-қантамыр жүйесіне кері әсер етіп, қан қысымын жоғарылатады, жүрек соғысын жиілетеді. Сонымен қатар вейп сұйықтықтарында ауыр металдар, хош иістендіргіш химиялық қоспалар кездеседі. Бұл заттар өкпенің зақымдануына, тыныс алу жолдарының қабынуына, иммунитеттің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Кейбір зерттеулер электрондық темекі қолданудың ұзақ мерзімді салдары әлі толық зерттелмегенін, бірақ қауіптің жоғары екенін көрсетеді.

 Электрондық темекі мен насыбай – «заманауи» немесе «дәстүрлі» деген атауына қарамастан, адам денсаулығына зиянды. Әрбір жас өз болашағын ойлап, зиянды әдеттерден аулақ болып, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын таңдауы тиіс. Осындай тәрбиелік және ақпараттық іс-шаралар қоғамда дені сау, саналы ұрпақ қалыптастыруға үлкен үлес қосады.