- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ студенттері «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтті
ҚазҰУ студенттері «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия» кәсіпорнында өндірістік тәжірибеден өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы мен еліміздің майлау материалдары нарығында жетекші орынға ие «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында ұзақ мерзімді, өзара тиімді және жүйелі әріптестік байланыс қалыптасқан. Аталған ынтымақтастық білім беру үдерісін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға және олардың еңбек нарығына табысты бейімделуіне бағытталған маңызды алаңға айналып отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясында, атап айтқанда ТДМ 4 – «Сапалы білім беру», ТДМ 8 – «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» және ТДМ 9 – «Өнеркәсіп, инновация және инфрақұрылым» бағыттарын іске асыру шеңберінде «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламасының 4-курс студенттері 2026 жылдың ақпан–наурыз айларында «ЛУКОЙЛ Лубрикантс Орталық Азия» кәсіпорнының өндірістік базасында тағылымдамадан өтіп, майлау материалдарын өндіруге маманданған заманауи зауытқа танымдық экскурсия жасады.
Өндірістік тәжірибе барысында білім алушылар жоғары технологиялармен жабдықталған роботтандырылған өндірістік цехтың жұмысымен, дайын өнімді сақтау және логистика жүйесімен, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай заманауи сапаны бақылау зертханасының қызметімен жан-жақты танысты. Бұл экскурсия студенттердің теориялық білімін нақты өндірістік процестермен ұштастырып, олардың инженерлік-технологиялық ой-өрісін кеңейтуге зор мүмкіндік берді.
Кәсіпорын өкілі С.С. Барбашов өз сөзінде университет пен компания арасындағы ынтымақтастықтың келешегі зор екендігін атап өтіп, студенттердің аталмыш кәсіпорын базасында өндірістік және диплом алдындағы практикалардан өту мүмкіндігінің жоғары екенін айтты. Сонымен қатар, тәжірибеден табысты өткен және ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары түлектерді болашақта жұмысқа орналастыру мәселесі де компания тарапынан қарастырылатынын жеткізді.
Бұл бірлескен іс-шара болашақ химия-технолог мамандарын даярлаудағы тәжірибеге бағытталған оқытудың тиімділігін айқындап, білім беру мен өндіріс арасындағы тығыз байланыстың маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті,
химия ғылымдарының кандидаты
Г.Ж. Жақсылықова
Басқа жаңалықтар