Жамбыл – табиғат жыршысыFarabi University
Референдум 15 марта

Жамбыл – табиғат жыршысы

23 ақпан, 2026

Жыраулық дәстүрдің, жыршылық өнердің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын Жамбыл Жабаевтың шығарма­шы­лығы қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ақынның әдеби мұрасы, ақындық шеберлігі мен суырыпсалмалық қабілеті аз қарастырылмағаны анық. Арқыраған ақ­пан­ның ақ боранды күнінде дүниеге келген ақпа ақынның туғанына биыл 180 жыл толып отыр. 

Адам мен табиғат үндестігі – қай заманнан бері жырланып келе жатқан тақырыптардың бірі. Табиғат көрінісі көркем туындыда сан алуан мақсатта жұмсалып, тиісінше көркемдік қызметке бағытталатыны бел­гілі. Табиғатпен етене өскен ақын­ның шығармашылығында бұл тақырып та тыс қалмаған.

Көркем әдебиетті оқытуда туындыны тек әдеби тұрғыдан талдап қана оқытуды бас­шы­лыққа алу аздық етеді, көркем шығарманың берер тәрбиелік мәнін ескере отырып, оның адам жанына рухани ләззат сый­лауға, ізгілендіруге, бол­мы­­сын кемелдендіруге, пара­сат­тылыққа тәрбиелеуге, отан­­сүй­гіштік, елжандылық сезім­дерін қалыптастыруға да септігі тие­ті­нін елемеске болмайды. Елді сүюге, жерді қадірлеуге, айна­лаңа, қоршаған ортаңа жана­шыр­лықпен қарауды үйрететін әдеби-көркем туындылардың арнасы ауыз әдебиетінен бас­талып, күні бүгінге дейін тоқ­тау­сыз айтылып, жырланып ке­леді. Яғни көркем әдебиетті оқу арқылы оқушының дүние­та­нымын, қоршаған ортаға, та­биғатқа деген көзқарасын қа­лыптастыруға болады. Та­би­ғат құбылысын, дүние сырын түсінуге ұмтылу адамзат өмі­рі­мен сабақтас десек, бұл та­қырыпты жырлаудың да тарихы тереңде.

Жамбыл Жабаев шығарма­шы­лығында табиғат тақырыбы­ның орын алуы заңды. Ақынның табиғаты әсем, келбеті көркем Жетісу өңірінде өмір кешіп, шығармашылықтың биік шы­ңы­­на шыққаны мәлім. Жам­был­дың «Алатау», «Жаздың әні», «Жаз», «Көктем», «Туған же­рім», «Күн толғауы», «Ба­ла­ларға тарту», «Шын жүректен» т.б. өлеңдерінде табиғат кө­рі­нісі бірде өлеңнің идеялық мазмұнын ашуға, келесіде та­би­ғаттың эстетикалық об­ра­зын жасауға, енді бірде адам мен табиғат қарым-қатынасын су­реттеуге бағытталып, әсем­де­ле, өрнектеле түседі. Таби­ғат­ты құрметтеуге, аялауға ша­қыруда, ізгілік, мейірім ұя­латуда ақын өлеңдерінің орны ерекше.

Ақын «Алатау» өлеңінде Же­­тісу табиғатын, оның фло­ра­­сы мен фаунасын жырлап қа­на қоймай, ауыздан дәмі кетпес жемістерін, суреттеуге тіл жет­пес қазынасын шебер­лік­пен суреттейді. Өлеңнің оқу­шының эстетикалық таным-талғамын қалыптастыруға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арт­тыруға да әсері мол. Ақынның бұл өлеңін Жетісу табиғатын жырға қосқан өзге ақындардың өлеңімен сабақтастықта қа­рас­тыру да өз пайдасын ти­гізеді. Мәселен, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты өлеңімен са­лыстыра отырып, қос ақынның өлке табиғатын жырлаудағы ерекшеліктері мен ұқсас­тық­тарын ажырата алуға, үй­ле­сім­діліктен сыр аңғаруға бейім­деп, дағдыландырған жөн. Ақын қол­­данған көркемдік бей­не­леу­лердің қатарында Абайдан келе жатқан әдемі тәсіл – кейіп­­­теудің де кездесетінін оқу­шы зердесіне ұялатып, са­лыстыра қарауға көңіл бөлген дұрыс. «Алатау Жетісумен құ­шақтасқан, Еліне қазыналы қойнын ашқан» немесе «Қарлы тау басы биік мұнар кетпес, Сыр­ласып, бұлттарменен бол­ған кептес», болмаса «Түрлі аң­дар мекен етіп, өніп-өсіп, Жү­реді бір-бірімен боп тілектес» деген жолдардағы ақын са­лыс­тыруы, жансыз табиғатқа жан бітіре суреттеуі айрықша байқалады. Сырласу адамға ғана тән дүние болса, ақын таудың ұшар басы бұлттармен сырласатынын байқап, яғни жансызға тіл бітіріп, өлеңнің поэтикалық қуатын арттырып тұр. Табиғат құбылысын ақын­дық көңілмен бақылап, сезімін әсерлі жеткізген. Абай ор­нық­тырған кейіптеудің ақын өлең­дерінде өзгеше реңк алғанын, «Қалың ағаш жапырағы, Сыб­дыр­ласып өзді-өзі» дейтін жол­дармен үндесіп тұрғанын оқу­шы­ға нақты дәлелдеп, тереңіне бойлауға шақырамыз. Ақын ұғымындағы Алатау, Жетісу, Ал­маты атаулары, біздіңше, тек сол өлке, өңір ғана емес, қа­зақ атауымен төркіндес, Отан, атамекен сөздерімен мән­дес, мағыналас. «Тауына Алматының көз жіберсем, Қара орман, бұрқыраған суын көр­сем, Тұлғасы Алатаудың хал­қы­ма ұқсап, Қайратпен кө­те­ріле түседі еңсем» дейтін өлең жолдарында ақбасты Алатауды қазыналы халқына ұқсатуынан көп сыр аңғарамыз. Табиғаттың таңғажайып көрінісін сырттан тамашалап қана қоймай, оқыр­манның ішкі жан әлеміне әсер ететін оның көркем бейнесін оқыту арқылы санасына сәу­лелі ой ұялату, ой дүниесі те­рең, мәдениетті, жаңа заман адамын тәрбиелеу де қоса жүзеге асырылуы тиіс. Ақын­ның «Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су, Бәрі де сен­дер­дікі әлемге айғақ» деген «Ба­ла­ларға тарту» өлеңінде жар салуы да ел тұтқасына ие бо­лар жас ұрпақтың бола­шағына деген сенімнен деп түсін­ді­руіміз керек шәкірт санасына.

Ақын өлеңдеріндегі табиғат суреттері түрлі көркемдік-бей­нелеу құралдары арқылы жа­са­лып, оқушыны әсемдікке бау­лып, әдемілікке құштар бо­луға итермелейді. Дыбыс қай­та­лаушылық, эпитет, теңеу, син­таксистік параллелизм, әсі­­­релеу, дамыту тәсілдері үй­ле­сім тауып, ақынның ойы мен се­зімі астасып, шебер қию­ласады. Табиғат тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, ақын айтар ойымен, идеясымен жымдасып, бірігіп кеткен. Ха­лық ауыз әдебиетінің үлгілеріне же­тік, ежелгі дәуірден келе жат­қан көркемдік дәстүр жал­ғастығын шебер меңгерген ақын ондағы сарындарды да жаңашылдықпен игеріп, сәтті стиль­мен өрнектегенін оқушы танымына лайықтап, түсіндіріп, тиянақтап ұғындырған жөн. Лиро-эпостық дастандарда, ба­тырлар жырында жиі кез­де­сетін теңеу, әсірелеудің үл­гі­лері Жамбылдың табиғат та­ну­дағы танымымен ұштасып, әде­­мі үйлесім тапқан. «Шын жү­ректен» өлеңіндегі табиғат кө­ріністерін «түкті кілем тү­ріндей», «қыздардың жиған жү­гіндей», «қырдың қызыл гүлін­дей» деген теңеулер арқылы су­реттесе, «мүйізі бұлт іл­ген­дей», «желіні жерге тигендей» т.б. әсірелеулер ақын өлең­де­ріне өзгеше леп қосқан. Заман тынысын, өзгерген өңір ди­дарын сомдауды табиғат құ­бы­лыстарымен байланыста қа­растырып, фольклорлық са­рындарды пайдалануда жа­ңашылдық тұрғысынан келге­нін байқаймыз. «Жаз» деп ата­латын өлеңдеріндегі та­би­ғат байлығын суреттеу арқылы ел ырысының да мол бола­ты­нын жырлап, ондағы бай­лық­тың елдің берекесіне, құтына айналатынына оқушысын сен­діреді. Еңбектің маңызын жо­ғары бағалап, оны жеңістің кіл­тіне, сарқылмас күштің көзіне балап, «Тырна да солай тіл қат­ты, Сүй деді нәрлі жас құрақ, Сүй деді бұлақ сарқырап» деп толғауынан немесе «Күн тол­ғауы» атты өлеңінде шұғылалы күн­ге жан бітіре «Нұрыңнан басқа елге де жылу жібер, Май күнін елімдегі сүйсін әлем» деп тіл қатуынан ақынның өзіне дейінгі көркемдік тәсілге шы­рай кіргізіп, түрлендіріп, жа­ңа­ша мән, сипат дарытқаны деп түсінуіміз жөн секілді.

Жамбылдың әдеби-шығар­ма­шылық мұрасын тереңдетіп оқытуға арналған факуль­та­тив­тік сабақтар, арнаулы элек­тивтік курстар барысында ақын­­ның көркемдік әлемін, оның ғылыми мәнін тереңірек түсіндіруге, соның нәтижесінде сабақ жүргізудің түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, көркем әдебиетті ізгілендіре оқытуға, табиғат лирикасын оқытуда эстетикалық біліммен қатар, экологиялық саналы­лық­ты да жолға қоюға бола­ты­нын жадымыздан шығар­мауы­мыз керек.

Туған табиғатқа деген сү­йіс­­­пеншілікті көркем шы­ғарма ар­қылы ояту, тәрбиелеу мә­се­лесі бүгін­гі заман оқу­шы­сының дү­ние­танымына да аса қажет. Ол өлеңдердің бүгінгі ұр­пақ­ты тәр­­биелеуге де қосар үле­сі зор. 

Шоқан ШОРТАНБАЙ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы