Жыраулық дәстүрдің, жыршылық өнердің көрнекті өкілі, суырыпсалма ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы қазақ әдебиетінде ерекше орын алады. Ақынның әдеби мұрасы, ақындық шеберлігі мен суырыпсалмалық қабілеті аз қарастырылмағаны анық. Арқыраған ақпанның ақ боранды күнінде дүниеге келген ақпа ақынның туғанына биыл 180 жыл толып отыр.
Адам мен табиғат үндестігі – қай заманнан бері жырланып келе жатқан тақырыптардың бірі. Табиғат көрінісі көркем туындыда сан алуан мақсатта жұмсалып, тиісінше көркемдік қызметке бағытталатыны белгілі. Табиғатпен етене өскен ақынның шығармашылығында бұл тақырып та тыс қалмаған.
Көркем әдебиетті оқытуда туындыны тек әдеби тұрғыдан талдап қана оқытуды басшылыққа алу аздық етеді, көркем шығарманың берер тәрбиелік мәнін ескере отырып, оның адам жанына рухани ләззат сыйлауға, ізгілендіруге, болмысын кемелдендіруге, парасаттылыққа тәрбиелеуге, отансүйгіштік, елжандылық сезімдерін қалыптастыруға да септігі тиетінін елемеске болмайды. Елді сүюге, жерді қадірлеуге, айналаңа, қоршаған ортаңа жанашырлықпен қарауды үйрететін әдеби-көркем туындылардың арнасы ауыз әдебиетінен басталып, күні бүгінге дейін тоқтаусыз айтылып, жырланып келеді. Яғни көркем әдебиетті оқу арқылы оқушының дүниетанымын, қоршаған ортаға, табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыруға болады. Табиғат құбылысын, дүние сырын түсінуге ұмтылу адамзат өмірімен сабақтас десек, бұл тақырыпты жырлаудың да тарихы тереңде.
Жамбыл Жабаев шығармашылығында табиғат тақырыбының орын алуы заңды. Ақынның табиғаты әсем, келбеті көркем Жетісу өңірінде өмір кешіп, шығармашылықтың биік шыңына шыққаны мәлім. Жамбылдың «Алатау», «Жаздың әні», «Жаз», «Көктем», «Туған жерім», «Күн толғауы», «Балаларға тарту», «Шын жүректен» т.б. өлеңдерінде табиғат көрінісі бірде өлеңнің идеялық мазмұнын ашуға, келесіде табиғаттың эстетикалық образын жасауға, енді бірде адам мен табиғат қарым-қатынасын суреттеуге бағытталып, әсемделе, өрнектеле түседі. Табиғатты құрметтеуге, аялауға шақыруда, ізгілік, мейірім ұялатуда ақын өлеңдерінің орны ерекше.
Ақын «Алатау» өлеңінде Жетісу табиғатын, оның флорасы мен фаунасын жырлап қана қоймай, ауыздан дәмі кетпес жемістерін, суреттеуге тіл жетпес қазынасын шеберлікпен суреттейді. Өлеңнің оқушының эстетикалық таным-талғамын қалыптастыруға, туған жерге, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға да әсері мол. Ақынның бұл өлеңін Жетісу табиғатын жырға қосқан өзге ақындардың өлеңімен сабақтастықта қарастыру да өз пайдасын тигізеді. Мәселен, көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» атты өлеңімен салыстыра отырып, қос ақынның өлке табиғатын жырлаудағы ерекшеліктері мен ұқсастықтарын ажырата алуға, үйлесімділіктен сыр аңғаруға бейімдеп, дағдыландырған жөн. Ақын қолданған көркемдік бейнелеулердің қатарында Абайдан келе жатқан әдемі тәсіл – кейіптеудің де кездесетінін оқушы зердесіне ұялатып, салыстыра қарауға көңіл бөлген дұрыс. «Алатау Жетісумен құшақтасқан, Еліне қазыналы қойнын ашқан» немесе «Қарлы тау басы биік мұнар кетпес, Сырласып, бұлттарменен болған кептес», болмаса «Түрлі аңдар мекен етіп, өніп-өсіп, Жүреді бір-бірімен боп тілектес» деген жолдардағы ақын салыстыруы, жансыз табиғатқа жан бітіре суреттеуі айрықша байқалады. Сырласу адамға ғана тән дүние болса, ақын таудың ұшар басы бұлттармен сырласатынын байқап, яғни жансызға тіл бітіріп, өлеңнің поэтикалық қуатын арттырып тұр. Табиғат құбылысын ақындық көңілмен бақылап, сезімін әсерлі жеткізген. Абай орнықтырған кейіптеудің ақын өлеңдерінде өзгеше реңк алғанын, «Қалың ағаш жапырағы, Сыбдырласып өзді-өзі» дейтін жолдармен үндесіп тұрғанын оқушыға нақты дәлелдеп, тереңіне бойлауға шақырамыз. Ақын ұғымындағы Алатау, Жетісу, Алматы атаулары, біздіңше, тек сол өлке, өңір ғана емес, қазақ атауымен төркіндес, Отан, атамекен сөздерімен мәндес, мағыналас. «Тауына Алматының көз жіберсем, Қара орман, бұрқыраған суын көрсем, Тұлғасы Алатаудың халқыма ұқсап, Қайратпен көтеріле түседі еңсем» дейтін өлең жолдарында ақбасты Алатауды қазыналы халқына ұқсатуынан көп сыр аңғарамыз. Табиғаттың таңғажайып көрінісін сырттан тамашалап қана қоймай, оқырманның ішкі жан әлеміне әсер ететін оның көркем бейнесін оқыту арқылы санасына сәулелі ой ұялату, ой дүниесі терең, мәдениетті, жаңа заман адамын тәрбиелеу де қоса жүзеге асырылуы тиіс. Ақынның «Ай, жұлдыз, күннің көзі, жел менен су, Бәрі де сендердікі әлемге айғақ» деген «Балаларға тарту» өлеңінде жар салуы да ел тұтқасына ие болар жас ұрпақтың болашағына деген сенімнен деп түсіндіруіміз керек шәкірт санасына.
Ақын өлеңдеріндегі табиғат суреттері түрлі көркемдік-бейнелеу құралдары арқылы жасалып, оқушыны әсемдікке баулып, әдемілікке құштар болуға итермелейді. Дыбыс қайталаушылық, эпитет, теңеу, синтаксистік параллелизм, әсірелеу, дамыту тәсілдері үйлесім тауып, ақынның ойы мен сезімі астасып, шебер қиюласады. Табиғат тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, ақын айтар ойымен, идеясымен жымдасып, бірігіп кеткен. Халық ауыз әдебиетінің үлгілеріне жетік, ежелгі дәуірден келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығын шебер меңгерген ақын ондағы сарындарды да жаңашылдықпен игеріп, сәтті стильмен өрнектегенін оқушы танымына лайықтап, түсіндіріп, тиянақтап ұғындырған жөн. Лиро-эпостық дастандарда, батырлар жырында жиі кездесетін теңеу, әсірелеудің үлгілері Жамбылдың табиғат танудағы танымымен ұштасып, әдемі үйлесім тапқан. «Шын жүректен» өлеңіндегі табиғат көріністерін «түкті кілем түріндей», «қыздардың жиған жүгіндей», «қырдың қызыл гүліндей» деген теңеулер арқылы суреттесе, «мүйізі бұлт ілгендей», «желіні жерге тигендей» т.б. әсірелеулер ақын өлеңдеріне өзгеше леп қосқан. Заман тынысын, өзгерген өңір дидарын сомдауды табиғат құбылыстарымен байланыста қарастырып, фольклорлық сарындарды пайдалануда жаңашылдық тұрғысынан келгенін байқаймыз. «Жаз» деп аталатын өлеңдеріндегі табиғат байлығын суреттеу арқылы ел ырысының да мол болатынын жырлап, ондағы байлықтың елдің берекесіне, құтына айналатынына оқушысын сендіреді. Еңбектің маңызын жоғары бағалап, оны жеңістің кілтіне, сарқылмас күштің көзіне балап, «Тырна да солай тіл қатты, Сүй деді нәрлі жас құрақ, Сүй деді бұлақ сарқырап» деп толғауынан немесе «Күн толғауы» атты өлеңінде шұғылалы күнге жан бітіре «Нұрыңнан басқа елге де жылу жібер, Май күнін елімдегі сүйсін әлем» деп тіл қатуынан ақынның өзіне дейінгі көркемдік тәсілге шырай кіргізіп, түрлендіріп, жаңаша мән, сипат дарытқаны деп түсінуіміз жөн секілді.
Жамбылдың әдеби-шығармашылық мұрасын тереңдетіп оқытуға арналған факультативтік сабақтар, арнаулы элективтік курстар барысында ақынның көркемдік әлемін, оның ғылыми мәнін тереңірек түсіндіруге, соның нәтижесінде сабақ жүргізудің түрлі әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, көркем әдебиетті ізгілендіре оқытуға, табиғат лирикасын оқытуда эстетикалық біліммен қатар, экологиялық саналылықты да жолға қоюға болатынын жадымыздан шығармауымыз керек.
Туған табиғатқа деген сүйіспеншілікті көркем шығарма арқылы ояту, тәрбиелеу мәселесі бүгінгі заман оқушысының дүниетанымына да аса қажет. Ол өлеңдердің бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуге де қосар үлесі зор.
Шоқан ШОРТАНБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы
Басқа жаңалықтар