ЦУР 15 «Экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру» аясында цитрусарийге экскурсия ұйымдастырылдыFarabi University
Референдум 15 марта

ЦУР 15 «Экожүйелерді сақтау және қалпына келтіру» аясында цитрусарийге экскурсия ұйымдастырылды

2 наурыз, 2026

2026 жылғы 19–23 наурыз аралығында (келісілген кесте бойынша) «Ботаника және фитоинтродукция институты» Ботаникалық бағында «6В05105 – Генетика» білім беру бағдарламасының 24 студенті үшін тәрбиелік-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шараның тақырыбы: «Интродукция және жабық топырақ жағдайында цитрусты дақылдарды сақтау – биоалуантүрлілікті сақтауға қосқан үлес». Экскурсияның негізгі нысаны – жабық топырақтағы оранжерея, яғни цитрусарий. Әр топпен жұмыс уақыты 12:00–13:00 аралығында өтті. Сабақ барысында коллекциялық цитрус өсімдіктері, көрнекі плакаттар мен сызбалар, әдістемелік ұсынымдар және бақылау парақтары қолданылып, фотофиксация жүргізілді.

Экскурсия мазмұны БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 15-мақсатына тікелей байланыстырылды: құрлық экожүйелерін қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және өсімдіктер генофондын ұқыпты басқару. Қатысушыларға ботаникалық бақтардағы жабық топырақ коллекцияларының өсімдіктердің генетикалық әртүрлілігін ex situ тәсілімен сақтаудағы рөлі түсіндірілді. Сонымен қатар, тропиктік және субтропиктік дақылдарды Қазақстанның қоңыржай климатында өсіру үшін қажет микроклиматтық режимдер (температура, ылғалдылық, жарық, суару, желдету) және интродукцияның ғылыми қағидалары көрсетілді.

Практикалық бөлімде студенттер Citrus туысының өкілдеріне морфологиялық талдау жасады: жапырақ тақтасының пішіні мен безшелерін, өркендердің құрылымын, гүлдің ерекшеліктерін және жеміс типін бақылап сипаттады. Бірнеше түр/сорт үлгілері бойынша салыстырмалы бақылау жүргізіліп, орта факторлары мен бейімделу белгілерінің байланысы талқыланды. Генетика мамандығына сай арнайы блокта телу/егу (прививка) тәсілінің биологиялық мәні, бағалы генотиптерді сақтау, төзімділікті арттыру және коллекциядағы генетикалық әртүрлілікті қолдау тұрғысынан түсіндірілді.

Экскурсия басталар алдында қатысушыларға қауіпсіздік және мінез-құлық ережелері ескертілді: өсімдіктерді рұқсатсыз ұстамау, жапырақ/гүл/жеміс үзбеу, шектеулі аймақтан өтпеу, жылыжай жабдықтарына араласпау, топпен бірге қозғалу және санитарлық талаптарды сақтау. Студенттер 4–6 адамнан шағын топтарға бөлініп, әр станцияда қысқа тапсырмалар орындады: 1) микроклиматты бақылау және оны цитрустардың физиологиялық талаптарымен байланыстыру; 2) морфологиялық белгілерді тіркеп, анықтау кілттерімен салыстыру; 3) интродукция тәуекелдері (аурулар, зиянкестер, ресурс шығыны) бойынша пікір алмасу; 4) коллекция үлгілерін паспорттау, таңбалау және деректерді сақтау тәртібімен танысу. Қорытынды бөлімде студенттердің бақылау парақтары жиналып, негізгі ұғымдарды бекіту үшін қысқа сұрақ-жауап жүргізілді.

Нәтижесінде қатысушылар жабық топырақтың интродукциядағы маңызын түсіндіріп, цитрустардың негізгі морфологиялық ерекшеліктерін жүйелі түрде сипаттай алды, ал ботаникалық коллекциялардың биоалуантүрлілікті сақтаудағы практикалық механизмдерін (ex situ сақтау, клондық көбейту, телу, фитосанитарлық бақылау) нақты мысалдармен көрсетті. Іс-шара ЦУР 15 логикасына сай экожүйелерді сақтаудың ғылыми және тәрбиелік қырларын біріктіріп, студенттердің кәсіби бағдарын күшейтті. Алынған материалдар кейінгі сабақтарда талқыланып, студенттік есепке және портфолиоға ресми енгізілді.

 

 

Ботаника және агроэкология кафедрасы