ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТАРЫНЫҢ ӨМІР САПАСЫ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Биология және биотехнология факультеті, Ботаника және агроэкология кафедрасында профессор С.Т. Назарбекованың жетекшілігімен «6В05102 – Биология» білім беру бағдарламасының 3 курс студенттері (ББ2317 тобы) ТДМ 3 – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» бағыты бойынша тәрбиелік-танымдық іс-шара өткізді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан азаматтарының өмір сапасын жақсартудың ғылыми және әлеуметтік тетіктерін талқылау, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы биоэтикалық шешімдердің маңызын түсіндіру арқылы студенттердің кәсіби жауапкершілігін қалыптастыру болды.

Кездесу барысында студенттер екі негізгі сұрақты белсенді талқылады: «Қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығының сапасын қалай арттыруға болады?» және «Қазақстандағы трансплантологияның биоэтикалық дилеммалары қандай?». Пікірталас кезінде қатысушылар денсаулық көрсеткіштеріне әсер ететін факторларды (алдын алу медицинасы, ерте диагностика, салауатты өмір салты, қоршаған орта қауіпсіздігі, психикалық саулық, әлеуметтік қолдау) жүйелеп, әр бағыт бойынша нақты ұсыныстар ұсынды. Мысалы, жастар арасында дене белсенділігін арттыру, дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыру, вакцинация туралы ғылыми ақпаратты кеңейту, зиянды әдеттердің алдын алу және медициналық сауаттылықты көтеру мәселелері көтерілді.
Трансплантология бөлімі Қазақстан Республикасында осы саланың дамуы мен қоғамдағы қабылдануына арналды. Студенттер донорлық мәдениет, ақпараттандырылған келісім, «келісім» және «келіспеушілік презумпциясы» ұғымдары, медициналық құпия, әділеттілік қағидаты және қоғам сенімі сияқты күрделі мәселелерді талдады. Биоэтиканың негізгі принциптері – автономия, игілік жасау, зиян келтірмеу және әділеттілік – нақты ситуациялық мысалдар арқылы қарастырылып, шешім қабылдаудағы тәуекелдер мен ықтимал салдарлар бағаланды. Сонымен қатар, Қазақстанда биомедицинаның осы бағытын дамыту перспективаларына тоқталып, заңнамалық реттеу, ашық коммуникация, кәсіби этика нормаларын сақтау және ағартушылық жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді.

Жұмыс «миға шабуыл» форматында жүргізіліп, студенттер бірнеше ситуациялық есептерді топпен талқылап, әр кейс бойынша дәлелді қорытынды мен ұсыныс әзірледі. Іс-шараның тәрбиелік нәтижесі ретінде студенттер дәлелге негізделген пікір айту, ғылыми ақпаратты сыни бағалау, топтық келісімге келу және көпшілік алдында ойды жүйелі жеткізу дағдыларын көрсетті. Қатысушылар өздерінің болашақ маман ретінде үлесін де нақтылады: профилактикалық мәдениетті насихаттау, денсаулыққа қатысты мифтермен күресу, ерікті донорлық туралы дұрыс түсіндіру және биоэтикалық нормаларды сақтауды қолдау. Ұсыныстар қатарында донорлық жөніндегі ақпараттық кездесулер өткізу, университет ішінде «денсаулық апталығын» ұйымдастыру, психикалық денсаулықты қолдау бойынша сенім кеңістігін құру, сондай-ақ клиникалық этика комитеттерінің рөлін күшейту туралы пікірлер айтылды. Қорытынды рефлексияда қатысушылар ТДМ 3 мақсаттарына жетудің басты шарты – денсаулықты ұлттық құндылық ретінде қабылдау екенін ерекше атап өтті. «Ұлт денсаулығы – елдің ең үлкен байлығы!» қағидатына сүйене отырып, Қазақстандықтардың денсаулығына инвестиция салу олардың өмір сүру сапасын табысты арттырудың кепілі екені қорытындыланды. Талқылау қорытындылары кафедраның тәрбие жұмысы жоспарына енгізіліп, студенттік портфолиода рәсімделді.
Ботаника және агроэкология кафедрасы
Басқа жаңалықтар