Таза Қазақстан: «Қоршаған орта – ортақ үйіміз» тақырыбында тренинг өтті
2026 жылғы 2 наурыз күні Химия және химиялық технология факультетінің Е. Ерғожин залында «Таза Қазақстан» аясында «Қоршаған орта – ортақ үйіміз» тақырыбында мазмұнды тренинг ұйымдастырылды.
Іс-шараның спикері – Ecosen компаниясының жоба менеджері Абылқасымова Далия Анварбекқызы. Тренингке факультеттің «Химия» және «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламаларының 1–2 курс студенттері қатысты.
Кездесу барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғаудың заманауи тәсілдері, тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды басқару, жасыл технологиялар мен тұрақты тұтыну қағидаттары кеңінен талқыланды. Спикер нақты жобалар мен тәжірибелерге тоқталып, жастардың табиғатты қорғаудағы белсенділігінің маңызын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар тренинг мазмұны Тұрақты даму мақсаттары аясындағы бірқатар басым бағыттармен сабақтастырылды. Атап айтқанда: 4-мақсат – сапалы білім беру; 12-мақсат – жауапты тұтыну мен өндіріс; 13-мақсат – климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл; 15-мақсат – құрлық экожүйелерін сақтау. Бұл бағыттар аясында студенттерге экологиялық жауапкершілік, ресурстарды тиімді пайдалану және болашақ маман ретінде өндірісте «жасыл» технологияларды енгізудің маңыздылығы түсіндірілді.
Айта кету керек, Далия Анварбекқызы бұған дейін де факультет студенттеріне қоршаған орта және экология бағытында танымдық дәрістер өткізіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді.
Тренинг барысында қатысушылар белсенді пікір алмасып, өзекті сұрақтарына жауап алып, экологиялық сананы арттыру бағытында құнды ақпараттармен толықты.
Мұндай іс-шаралар студент жастардың кәсіби және азаматтық жауапкершілігін күшейтіп, «Таза Қазақстан» бастамасының жүзеге асуына және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосады.
Факультеттің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі деканның орынбасары Жақсылықова Г.Ж.
Басқа жаңалықтар