Қозғалыс – тіршілік көзі: адамның денсаулығындағы спорттың рөліFarabi University

Қозғалыс – тіршілік көзі: адамның денсаулығындағы спорттың рөлі

16 наурыз, 2026

2026 жылы 16 наурызда С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті қабырғасында Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ №3) аясында «Қозғалыс – тіршілік көзі: адамның денсаулығындағы спорттың рөлі» тақырыбында ғылыми-танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қозғалыс белсенділігінің физиологиялық маңызы және спорттың адам денсаулығын сақтау мен нығайтудағы рөлі жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар жүйелі физикалық жүктемелердің жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйелерінің қызметіне, зат алмасу үдерістеріне, сондай-ақ ағзаның жалпы физикалық дамуына әсерін талдады.

Білім алушылар топтарға бөлініп, жеңіл атлетика, жүзу, командалық спорт түрлері және фитнес бағыттарына арналған жобаларын ұсынды. Әрбір бағыттың артықшылықтары ғылыми негізде сипатталып, жас ерекшеліктері мен дайындық деңгейіне сәйкес физикалық жүктемені дұрыс таңдау қағидаттары түсіндірілді. Сонымен қатар, қауіпсіздік техникасын сақтамау жағдайында туындайтын ықтимал қауіптерге назар аударылды.

Интерактивті пікірталас форматында қатысушылар жасөспірімдер арасында белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар әзірледі. Тұрақты жаттығулардың төзімділікке, еңбекке қабілеттілікке және психоэмоционалдық жағдайға әсері талқыланды. Сонымен қатар, гиподинамияның алдын алу, күн тәртібін сақтау және физикалық белсенділікті тиімді демалыспен ұштастыру мәселелері қарастырылды.

Аталған іс-шара білім алушылардың дене шынықтыру және салауатты өмір салты саласындағы теориялық және практикалық білім деңгейін арттыруға ықпал етті. Қатысушылар тұрақты қозғалыс белсенділігі мен спорттың иммундық жүйені нығайтудағы, төзімділікті арттырудағы және ағзаның жалпы функционалдық жағдайын қолдаудағы рөлін тереңірек түсінді.

Іс-шара нәтижесінде білім алушыларда физикалық белсенділікке саналы көзқарас қалыптасып, аз қозғалысты өмір салтының кері әсерлері туралы түсінік кеңейді. Сонымен қатар, жүйелі жаттығулар мен күн тәртібін сақтаудың денсаулықты сақтау мен нығайтудың ажырамас құрамдас бөлігі екендігі айқындалды.

 

Зоология, гистология және цитология кафедрасының аға оқытушысы

Естемірова Г.Ә.

#SDG #SustainableDevelopment #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU