«Топырақ экологиясы» зертханасы аккредитациядан өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану» ғылыми орталығына қарасты «Топырақ экологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасы халықаралық стандарт бойынша алғашқы аккредитациядан сәтті өтті.
Қазақстан Республикасының Ұлттық аккредиттеу орталығы жүргізген бұл тексеріс зертхананың техникалық базасы мен мамандарының біліктілігі әлемдік талаптарға толық сай екенін растады.

Бүгінде зертхана топырақтың экологиялық жағдайын бағалау, адам әрекетінен бұзылған жерлерді қалпына келтіру және қоршаған ортаның ластану деңгейін анықтау бағытында кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Ғалымдар Қазақстанның әр өңірінен жиналған деректер негізінде топырақ жамылғысының электрондық базасын қалыптастырып, болашақта экологиялық процестерді болжауға мүмкіндік беретін жүйелі мониторинг орнатты.

Зертхананың жоғары сапалы жұмыс істеуіне заманауи техникалық жарақтандыру тікелей септігін тигізуде. Атап айтқанда атомдық-абсорбциялық спектрометр, жоғары дәлдіктегі микроскоптар мен топырақ зерттейтін арнайы кешендер ғылыми жұмыстардың халықаралық деңгейде жүргізілуіне мүмкіндік береді.

Мемлекеттік тізілімге енген бұл құралдар зерттеу нәтижелерінің шынайылығы мен дәлдігін қамтамасыз етеді. Аталған аккредитация ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтып, университеттің экологиялық сараптама саласындағы жетекші орнын нығайта түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар