“Болашақтың ғылымы” халықаралық ынтымақтастықты арттырмақ
Алматыда “Болашақтың ғылымы” атты халықаралық ғылыми-білім беру конгресі өз жұмысын аяқтады. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткізілген екі күндік конгресс жұмысына Еуропа мен Азия елдерінің жетекші отыз университетінің ректорлары және өзге де белгілі ғалымдар қатысты.
Халықаралық ғылыми конференцияда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Онда: “Даму дағдарысынан кейінгі жағдайда ұлттық инновациялық жүйенің ең тиімді өзегі ретінде жетекші білім беру және ғылыми-зерттеу орталықтарының қабілеттілігі ең бірінші орынға шығады. Сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту, жетістіктермен және озық технологиялармен алмасудың маңыздылығы одан әрі арта түсуде. Қазақстан әралуан елдердің ғалымдарының өзара тығыз байланысын, біртұтас интеллектуалдық кеңістікті қалыптастыруда белсенді жақтаушысы болды және болып қала береді” деп атап айтылған.
Конгрестің күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе – жоғары технологиялар саласындағы тығыз ынтымақтастық төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар, инновациялық серпінділік мүмкіндіктері де ғалымдардың назарынан тыс қалмады. Халықаралық деңгейдегі ғылыми форумның қонақтары, шетелдік және отандық ғалымдар, сондай-ақ ғылымның қазіргі бағыттарындағы іргелі зерттеулердің келешегі және бүгінгі таңдағы проблемалары жөнінде де өз ойларын ортаға салды. Ғалымдардың пікірінше, ғылыми кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жетілдірудің және инновациялық белсенділіктің келешегімен байланысты іс-шараларға деген жауапкершілікті арттырудың қажеттілігі айтпаса да түсінікті.
Шындығында да, халықтың әл-ауқатын жақсарту және экономикалық даму тұрақтылығына арналған жоғары технологияларды құру және ғылыми, білім беру бағдарламаларын жетілдіруде білікті де тәжірибесі мол ғалымдардың күш-қуатын біріктіру жаңа табыстарға жол ашатындығы сөзсіз. Бұл орайда, Қазақстандағы Еуропалық Одақтың өкілеттігінің басшысы Норберт Жустеннің пікірі назар аударарлықтай. Оның тұжырымдауынша, кез келген мемлекеттің экономикасының қарқынды дамуы ғылыммен тығыз байланысты. Ал енді ЮНЕСКО-нің Қазақстандағы кластерлік бюросының жетекшісі Сергей Лазаревтің айтуынша “Алматы қаласында өткен халықаралық ғылыми-білім беру форумы әртүрлі деңгейдегі мамандар мен ғалымдардың өзара тәжірибе алмасуына қолайлы жағдай жасады”.
Басқосуда сондай-ақ, Астанадағы білім мен ғылымның жаңа ордасы – Назарбаев университеті туралы да кеңінен сөз болды. Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысының бастамасымен бой көтерген жаңа үлгідегі жоғары оқу орыны келешекте Орталық Азияда білім мен ғылымның орталығына айналатындығы сөзсіз. Ғалымдар түйіні осы.
Бақыт БАЛҒАРИНА