Ғұлама ғалым, көрнекті қайраткер
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1970-1986 жылдардағы ректоры, Инженерлік академияның және Механика-математика институтының негізін қалаған мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбеков жайлы сөз қозғағанда көз көргендер мен үзеңгілестері ең әуелі оның еңбекқорлығын алға тартып, «істің адамы еді» дейді. Бүгінде 90 жылдық мерейтойы аталып өтіп отырған, халқына қалтқысыз қызмет еткен көрнекті академиктің Қазақстан ғылымы мен біліміне, ұрпақ тәрбиесі мен ұлт болашағына сіңірген зор үлесін атап өтіп, төрткіл дүниені түгел мойындатқан ғылыми жетістіктерін мақтан етеді.
Әсіресе еліміздің жоғары білімі мен ғылымының қара шаңырағына қалдырған құнды мұрасы, мәңгілік ескерткіші – ҚазҰУ қалашығын салған уақыттағы әр ғимараттың архитектуралық жобасын сызып, күні-түні құрылыс басында жүріп, «прораб» атанып кеткені аңызға бергісіз әңгіме.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Өмірбек Арысланұлының басшылығымен сол жылдары шын мәнінде ауқымды істер атқарылды, жаңа міндеттер орындалды. Ол ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінде екенін айқын түсіне білді. Шалғай ауылдардан арман қуып Алматыға келген студенттерді даярлайтын жаңа мамандықтар, кафедралар, зертханалар ашылып, ғылым саласы тың бағытта қарқын алды.
Ө.Жолдасбеков қолданысқа енгізген жоғары класты машиналар мен механизмдер теориясын көршілес елдерді айтпағанда, Ұлыбритания, Италия, Алмания, Финляндия, Чехословакия, Польша, Югославия сияқты мемлекеттер өндіріске енгізді. 1992 жылы алғаш рет елімізде Қазақстан инженерлер қауымының І съезі ұйымдастырылып, оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты. Бұл Қазақ елі тәуелсіздігінің алғашқы жылы еді.
Өмірбек Арысланұлы Тұңғыш Президентіміздің «Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қауымдастықтағы беделінің өсуіне қызмет етуге парыздармыз» деген сөзін жадынан шығармай, егемен еліміздің мүддесіне ақтық демі қалғанша аянбай қызмет етті. Ғасырлар бойы бостандықты аңсаған халқымыздың жарқын келешегі, жас мемлекетіміздің іргесі бекуі үшін жанын сала жұмыс істеу басты ұстанымына айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлының «Халқыма керекті қалай табам, қайдан табам деп қам жеп жүру – тек қана менің емес, әр азаматтың ар ісі мен жадында болуы тиіс» деп, ел азаматтарына артқан жауапкершілік жүгін бар болмысымен сезінді. Ол туған халқы үшін керекті тапты, барын дамытып, жоғын толықтырды. Механика және машинатану институтының негізін қалап қана қоймай, тұңғыш рет машинатану саласында қазақ тілінде терминология жасады. Механизмдер мен машиналар теориясы және теориялық механика пәндерінен қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктердің авторы болды.
Қазақ ғалымының ашқан жаңалықтары әлемдік деңгейде мойындалып, Халықаралық инженерлік академиясының академигі және бірінші вице-президенті, Ислам мемлекеттері инженерлік қоғамдары федерациясының вице-президенті, АҚШ инженер-механиктер қоғамының және Экологиялық қайта құру халықаралық академиясының толық мүшесі болды, Пәкістан инженерлік академиясының және басқа да мемлекеттердің Инженерлік академияларының құрметті академигі атанды. Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағымен марапатталды, Халықаралық В.Г.Шухов және Әл-Хорезми атындағы алтын медальдерді иеленді. 400 ғылыми еңбек, 20 монография, 30-дан астам оқулық пен оқу құралын жазды.
Қажырлы да табанды еңбегінің арқасында механик-ғалымдардың тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарып, ұстаздық мектебін қалыптастырды. Қазіргі таңда өзі тәрбиелеп шығарған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары ізін қуып, ғылыми мектебін дамытып, әр тарапта соны ізденістерін жалғастырып келе жатқаны да көңіл қуантады. Олар Ресей, Италия, Германия, Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде еңбек етіп, қазақ ғылымының әлемге танылуына ұйытқы болып жүр.
1975 жылы жоғары білім ордасының табалдырығын алғаш аттап, филология факультетінің студенті атанған кезімізде, одан соң 1980 жылдан бастап кафедра оқытушысы ретінде қызмет ете бастаған сәтімізде Өмірбек Арысланұлының кесек мінезі мен атпал істерін өз көзімізбен көрдік. Тәрбиесін алып, өнегесін үйрендік. Ұстаздық ұлағатын сіңіріп, ағалық қамқорлығын сезіндік. Тәлімін түйіп, таудай тұлғасын таныдық. Әлі күнге адалдықпен өрілген сара жолын үлгі тұтып, кәсіби қыры мен біртуар болмысын зор құрметпен есімізге аламыз.
Өмірбек Жолдасбековтің мерейтойы қарсаңында өткенге көз жібере отырып, академик Зейнолла Қабдоловтың «Жақсы адамдардың өлген күні болмайды, туған күні ғана болады. Өмекеңнің – ғұлама ғалым әрі айтулы қоғам қайраткерінің артында қалған мәңгі өшпес мол мұрасы туралы әлі ұзақ айтатын боламыз» деген сөзі ақиқатқа айналғанына көз жеткізгендейміз.
Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ө.Жолдасбековтің машина жасау және робототехника салаларындағы еңбектерінің заңды жалғасы ретінде «Сандық технологиялар және робототехника» ғылыми-білім беру орталығы жұмыс істейді. Соның ішінде «Робототехника жүйелері» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде 44 жас білімін жалғастыруда.
Ғұлама ғалымның жарқын бейнесін өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақтау үшін Студенттер сарайына, механика-математика факультетінің Үлкен залына Өмірбек Жолдасбековтің есімі берілген. Сондай-ақ университет қалашығына ескерткіші қойылып, музейі ашылған. 80 жылдығы тұсында «Қазақ университеті» баспа үйінен «Өнегелі өмір» сериялық кітабы жарық көрді.
Бұдан бөлек, 2010 жылдан бастап ғылыммен айналысатын талантты оқушылар арасында Өмірбек Жолдасбековке арналған математика және механикадан зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауын ұйымдастыру жолға қойылған. Интеллектуалдық жарысты механика-математика факультеті базасында Білім және ғылым министрлігі мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бірлесіп жүзеге асырады.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік рухымен еркін өсіп келе жатқан кейінгі толқынға үнемі үміт артып, әр саладағы талантты жастарға ұдайы сенім білдіріп отырады. 2019 жылы Жастар жылының ашылуында «Қазіргі экономикадағы бәсекелестік жаңа технология ойлап тауып, оның тәжірибеде кеңінен қолданылуына байланысты. Бизнесте көшбасшы болу үшін инновациялық ойлау жүйесі мен заман талабына тез бейімделе білу керек. Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын білесіздер. Фейсбукті Марк Цукерберг 19 жасында, Майкрософты Билл Гейтс 20 жасында, Apple компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр. Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ. Қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді. Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар» деп, жас буынға қолдау көрсету туралы тапсырма берген еді.
Ал 2021 жылдың 3 ақпанында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы «Нағыз қауіп – минералды-шикізат ресурстары бағасының құлдырауы емес, ұлттың интеллектуалдық әлеуетінің төмендеу қаупі. Бұл, бірінші кезекте, білім беруге қатысты. Біз осы сала бойынша дамыған елдерден әлі артта келеміз. Білім мен ілім таяу онжылдықта біздің ұлттық идеямыз болуы керек» деп атап өтті. Жақында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деп қадай айтты. Осыған орай, Ө.Жолдасбеков атындағы талантты оқушылар байқауы жеткіншектердің математикадан білімін дамытуға барынша ықпал жасап, олардың зерттеушілік қызметін ұйымдастыру жүйесін және құрылымын жетілдіруге күш салады. 1 наурыз күні басталып, үш күнге созылатын білім сайысында Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстанның барлық өңірінен үміткерлер бақ сынамақ. 176 оқушы математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер секциялары бойынша жобаларын қорғайтын болады. Әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конкурс онлайн режимде «Дарын» РҒПО аккаунтында ұсынылады.
Осындай жұмыстардың барлығы Ө.Жолдасбековтің есімін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға арналған, алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов кезінде өзінің заңғар тұлғалы замандасы жайлы: «Артында іздеушілер, адал шәкірттері бар Өмірбек Арысланұлы – еш уақытта аты өшпейтін, жарқын бейнесі жүректе мәңгі сақталатын ұлы адам», – деген пікір айтқан екен.
Иә, еліміздің білім-ғылымының дамуына ерекше үлес қосқан біртуар тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Өйткені тәуелсіз еліміз, жасампаз халқымыз барда жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы-Ректоры
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
26 ақпан 2021 жыл