ҚазҰУ-да В.Инюшин атындағы Биофизика зертханасы ашылды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Биофизика, биомедицина және нейроғылымдар кафедрасының құрылғанына 50 жыл толуына орай, кафедраның негізін қалаушы, ғалым, профессор Виктор Михайлович Инюшин атындағы Биофизика зертханасы салтанатты түрде ашылды.
Іс-шараға елімізге белгілі ғалымдар мен білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы және студент жастар қатысты.
Шарада сөз алған ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова: «Виктор Михайлович Инюшин – елімізде биофизика ғылымын қалыптастыруға зор үлес қосқан тұлға. Ол әлемде алғаш рет лазерлерді қолдануды теориялық тұрғыдан негіздеді және емдік тәжірибеге енгізді», – деді проректор.
1941 жылы Ленинград қаласында гидроқұрылысшының отбасында дүниеге келген ғалым Виктор Михайлович Инюшин 1958-63 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетінде білім алған. Оқудан кейін Гистология және цитология кафедрасында стажер-зерттеуші болды. 1966 жылы жануарлардағы сәулелік зақымдануды қалпына келтіру үшін лазерді қолдануды зерттеуге арналған кандидаттық диссертациясын қорғады. 1972 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 31 жасында КСРО-дағы ең жас биология ғылымының докторы атанды. 1977-79 жылдары Польша, Австралия және Үнді елдерінде жаратылыс сырларына қатысты дәріс оқыды. Ғалым Кирлиан әсерінің көмегімен адамның психо-функционалдық жай-күйін диагностикалау әдістемесін дамытуға мол үлес қосты, оны бүгінде мамандар өзінің терапевтік тәжірибесінде қолдануда.
Виктор Михайлович Инюшиннің іргелі еңбектері ғылыми ортада мойындалып, А.Л.Чижевский медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған. Құрметті ұстаз қазіргі таңда биология және биотехнология салалары бойынша халықаралық зерттеу жұмыстарын жүргізетін РФ лазерлік академиясының академигі, Кирлиан әсерін зерттеу жөніндегі халықаралық қауымдастықтың мүшесі (Нью-Йорк, АҚШ).
Профессордың ғылыми жетекшілігімен төрт докторлық диссертация және 19 кандидаттық диссертация қорғалды. Ғалымның жеке қорында 430-дан астам ғылыми мақала, 60 авторлық куәлік пен патенттер бар.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі