ҚазҰУ АҚШ-тың Пенсильвания университетімен меморандумға қол қойды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен АҚШ-тың Пенсильвания университеті серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Аталған келісімге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың АҚШ-қа жұмыс сапары барысында қол жеткізілді.
Кездесуде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен Пенсильвания университетінің президенті Нили Бендапуди жоғары білім және ғылым саласында бірлескен мақсаттарды іске асырудағы жаңа мүмкіндіктерді қарастырды.
Меморандум аясында ҚазҰУ мен Пенсильвания университеті оқытушылар мен студенттер алмасып, жоғары оқу орындарындағы ғылыми зертханаларды бірлесіп пайдаланады. Сонымен қатар тараптар ортақ халықаралық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл келісім университетте белді ғалымдардың дәрістерін өткізуге, Пенсильвания университеті журналдарында ҚазҰУ ғалымдарының мақалаларын жариялауға мол мүмкіндік береді.
Жүздесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ мен АҚШ университеттері арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
«Бүгінде ҚазҰУ 54 елдің 650-ден астам ЖОО-ларымен байланыс орнатқан. Соның ішінде АҚШ-тың 18 жоғары оқу орны бар. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың маңызды кезеңіне жол ашатынына сенімдімін. ҚазҰУ ғалымдарын Пенсильвания университетінде тағылымдамадан өткізу бойынша ұсынысымды жеткізгім келеді. Аталған жұмысты «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы бойынша жүзеге асыруға болады. Бұл тәжірибе алмасуға және серіктестікті дамытуға септігін тигізеді», – деді ҚазҰУ басшысы.
Өз кезегінде Нили Бендапуди ҚазҰУ ректорының Пенсильвания университетіне сапары екіжақты қатынастарды дамытуға тың серпін беру тұрғысынан мәні зор екенін айтты. Сонымен қатар өз сөзінде білім ордасының президенті барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты арттыруға қос университеттің мол әлеуеті бар екенін жеткізді.
Айта кетейік, Пенсильвания университетінің негізі 1855 жылы қаланған. Аталған университет мемлекет қаржыландыратын АҚШ-тағы үздік 15 ЖОО-ның қатарына кіреді. QS WUR халықаралық рейтингінде 83-орында. Оқу ордасындағы 50 мыңға жуық студентке 7 мыңнан астам оқытушы дәріс береді. Университетте 18 колледж бар.
Келіссөзден соң ҚазҰУ делегациясы оқу ғимараттары мен зертханаларды аралап, университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі