Ауыл мен қаладағы экологиялық жағдай
Қоршаған ортаны қорғау қажеттілігі туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңдаушылықты 1972 жылы бастаған болатын. Ол кезде “экодаму” деген ұғым,яғни, адамдардың бақуатты өмір сүру деңгейінің өсуі қоршаған орта күйінің нашарлауына және табиғи жүйелердің бұзылуына әкелмейтін экологияға бағытталған әлеуметтік-экономикалық даму қалыптастырылды. Соңынан “экодаму” идеясы “тұрақты даму” идеясына ұласты. “Тұрақты даму” дегеніміз қазіргі ұрпақтың қажеттіліктерін қанағаттандыратын және келер ұрпақтың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мүмкіндіктеріне қатер төндірмейтін даму. Ал бүгінгі күні дүниежүзінде барлық бағдарламалар БҰҰ қабылдаған Тұрақты дамудың 17 мақсатын орындауға бағытталып отыр.
Еліміздегі барлық іс-шаралар,ұлттық бағдарламалар осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталуда. Біз, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, осы орайда тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға өз деңгейімізде іс-шаралар жүргізудеміз. Осы негізде жоғары оқу орындарында экологиялық ахуалды зерттейтін түрлі ғылыми орталықтар ашыла бастады. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің физика-химиялық талдау әдістер орталығында әртүрлі бағытты қамтитын «Биосфералар экологиясы», «Газ химиясы», «Мұнай-химия синтезі», т.б. зертханалар ашылған болатын.
Сондай-ақ, экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында кездесулер мен жиындар өткізілуде. Осындай бағытта 28-і сәуір күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультетінде «Ауыл мен қаладағы экологиялық жағдай» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің қонағы химия және химиялық технологиялар факультеті, аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер кафедрасының доценті х.ғ.к, Исмаилова Ақмарал Ғазизқызы студенттерге дәріс оқып, сұрақ-жауап пікір алмасу жүргізді.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – студенттерді ауыл және қаладағы экологиялық ахуалды тудыратын негізгі мәселелермен таныстыра отырып, экологиялық зардап тудырудың алдын алуға үндеу.
Ақмарал Ғазизқызы алдымен, экологиялық обьектілердің сапасын зерттейтін талдау салалары экологиялық мониторинг пен экологиялық бақылаудың айырмашылықтарын ашып көрсетті. Урбанизация, автокөлік санының артуы мен олардан шығатын зиянды заттар, өнеркәсіп алаңдары мен өнеркәсіп қалдықтарының көптігі мен қайта өңделмеуі, жер сілкінісі, су тасқыны тәрізді табиғи апаттар және қоршаған орта объектілері сияқты қазіргі кезде экологиялық ахуалды тудыратын негізгі қайнар көздерді атап көрсетті.
Сонымен қатар, адам ағзасына зиянды элементтер мен олардың қандай өнім құрамдарында кездесетіндігі жөнінде мағлұмат берілді. Әрі, Қазақстан қалаларында ауа құрамындағы қауыпті құрылымдардың статистикасы таныстырылды. Студенттердің түрлі сауалдарына жауаптар беріліп, экологиялық білімінің, қызығушылықтарының артуына зор әсер еткен пайдалы бас қосу болды.