Абай мен Пушкин шығармашылығының үндестігі талданды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да білім ордасының 90 жылдығына арналған «Пушкин мен Абай – мәдениеттер үндестігі» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Шараны ҚазҰУ-дың филология факультетінің Орыс тілі және әлем әдебиеті кафедрасы, Орыс тілі және мәдениеті орталығы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың педагогика және психология факультетінің Педагогика және психология кафедрасы бірлесе ұйымдастырды. Жиынның мақсаты Пушкин мен Абай шығармалары арқылы Ресей мен Қазақстан арасындағы мәдени және әдеби байланыстарды талдау мен талқылауға бағытталған.
Дөңгелек үстел Абайдың сөзіне жазылған «Көзімнің қарасы» әнімен басталды. Орыс тілі мен мәдениеті орталығының жетекшісі Сәуле Бегалиева шараға модераторлық етіп, «Пушкин мен Абай – мәдениеттер үндестігі» атауының символдық мағынасын атап өтті.
Шараға қатысушыларды филология ғылымының докторы, профессор, ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Баян Жолдасбекова құттықтап, қазақстандық пушкинтанудың жетістіктеріне тоқталды. «Ұлы гуманист және ағартушы Абай Пушкиннің шығармашылығына бірінші болып назар аударған. Шәкәрім прозалық шығармаларын тәржімалаған. Пушкиннің танымал шығармаларын Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов және Ахмет Байтұрсынов қазақ тіліне аударғаны белгілі», – деді Баян Өмірбекқызы.
Жиында Александр Пушкиннің «Я помню чудное мгновенье» атты танымал өлең жолдары орыс, қазақ және қытай тілдерінде айтылды.
Шарада сонымен қатар вице-консул, Алматыдағы Орыс үйінің басшысы Мария Симакова, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Елизавета Хамраева, Ханой бизнес және технологиялар университетінің профессоры Чан Динь Лам (Вьетнам), РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Одинцов филиалының доценті Мария Казачкова, Абай Құнанбаев атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығының жетекшісі Фатима Дурсунова (Баку мемлекеттік университеті, Әзірбайжан), А.С.Пушкин мұражай-үйінің меңгерушісі Асылжан Мырзабұлатова (Орал қ., Қазақстан), Сүлейман Демирел университетінің қауымдастырылған профессоры Гунчам Нурахунова, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Елена Шмакова, ҚазҰУ Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова және басқалар баяндама жасап, сөз сөйледі.
Белгілі ғалымдар, филологтер, пушкинтанушылар дөңгелек үстел аясында Пушкин мен Абайдың әлемдік әдебиет пен мәдениетке әсері, олардың поэтикалық мұралары мен философиялық көзқарастарын салыстыру нәтижелері, мәдениетаралық ынтымақтастық пен диалогтің жаңа жолдарын іздеу және іске асыру туралы білімдері және зерттеулерімен алмасты. Қатысушылар Пушкин мен Абай шығармашылығын қазіргі заманғы әдістерді, интернет пен әлеуметтік желілерді қолдана отырып, кең аудитория арасында насихаттауды қозғады.
Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Вьетнам, Әзірбайжан, Өзбекстан университеттері, орта оқу орындары және мектеп-лицейлердің өкілдері де қатысты. Халықаралық дөңгелек үстел мәдени алмасу мен өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ салыстырмалы әдебиет пен мәдениеттану саласындағы зерттеу бастамаларын қолдауға үлес қосты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі