«Қазақстан – егеменді елім менің»Farabi University

«Қазақстан – егеменді елім менің»

24 қазан, 2024

24.10.24 күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті, з.ғ.к. Мынбатырова Нұрлайым Қанбатырқызы эдвайзерлік 405-тобы студенттерінің қатысуымен «Қазақстан – егеменді елім менің» тақырыбында эдвайзерлік сағат өткізді.

1990 жылы 25 қазанда республиканың Жоғарғы Кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған маңызды тарихи құжат – Мемлекеттік егемендік туралы Декларацины қабылдады. Декларацияда ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттері екендігі атап көрсетілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.

Студенттердің 25 қазан – Республика күніне арнап жасаған презентациялары республика күні мерекесінің тарихы, Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның мазмұны мен маңызы, осы Декларацияны құрастырып, қабылдауға тікелей атсалысқан қайраткерлер туралы қызықты деректермен танысуға мүмкіндік берді.

Бүгінде біз Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ оның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз. Осы атаулы күні Отанымыз - Қазақстан Республикасына өркендеу мен амандық тілейміз, халықтың бірлігі, татулығы мен келісімі біздің мемлекеттілігіміздің мәңгілік берік тірегі болсын!