Франкфурт кітап жәрмеңкесінің семинары басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында Франкфурт кітап жәрмеңкесіне арналған екікүндік семинар басталды. Іс-шараның тақырыбы – «Баспа ісіндегі заманауи үрдістер және авторлық құқық менеджменті». Форумда кітап саласының жетекші сарапшылар мен мамандары баспагерлер мен авторларға қатысты мәселелерді талқылап, заманауи полиграфия мүмкіндіктерін саралады.
Пленарлық отырысқа ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебав, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті және бас директоры Юрген Боос қатысты.
Германиялық делегация құрамы – Mertin Witt әдеби агенттігінің негізін қалаушы Николь Витт, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің халықаралық жобалар менеджері Беттина Бек, Франкфурт кітап жәрмеңкесінің негізгі клиенттерін басқару және сату жөніндегі менеджері Владка Купска кітап жәрмеңкесі, цифрлық басылымдар бойынша консультант, сарапшы Герман Эккель, мәдениет қорының директоры Номад Баян өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинардың негізгі мақсаты – қатысушылар арасында білім мен тәжірибе алмасу, кітап шығару саласындағы заманауи үрдістерді және авторлық құқықты басқарудың тиімді тәсілдерін талқылау.
Семинар ашылуында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев: «Бес жүз жылдық тарихы бар, әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Орталық Азиядағы алғашқы семинарының Алматы қаласында, оның ішінде біздің ұлттық университетте өтуі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әлемде болып жатқан, баспа ісі саласындағы жақсы тенденция мен соңғы жаңалықтарды Франкфурт кітап жәрмеңкесінің сарапшыларымен бірге талқылау, олармен пікір алмасу осы салада жүрген мамандарымыздың біліктілігін арттырып, кәсібилігін шыңдай түсері анық», – деп атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Франкфурт Еуропаның кітап астанасы ретінде әлемдік кітап сататын орынға, кітап тарату орталығына айналып, баспаханалар мен баспалардың халықаралық ынтымағын кеңейте түсетінін айтты.
«Германияның федералды сыртқы істер министрлігінің және Франкфурт кітап жәрмеңкесінің демеушілігімен Орталық Азияда алғаш рет баспа ісінің өзекті мәселелеріне арналған екікүндік семинар басталды. Осы бастаманы қолдаған Франкфурт кітап жәрмеңкесінің президенті және LITPROM президенті Юрген Боос мырзаға арнайы алғыс айтқым келеді. Өйткені Франкфурт кітап жәрмеңкесінің Алматыға келуі еліміздегі баспагерлер, авторлар және кітап сатушылар үшін ең үлкен, аса маңызды оқиға. Бұл семинардың еліміздегі осы сала мамандарына зор әсері болатыны анық», – деді М.Отарбаев.
Франкфурт кітап жәрмеңкесінің бас атқарушы директоры Юрген Боос сөз сөйлеп, кітап индустриясын дамыту және әдеби диалогты ынталандыру үшін осындай іс-шаралардың маңыздылығын айтып, сондай-ақ Франкфурт кітап жәрмеңкесі мен ҚазҰУ арасындағы одан әрі ынтымақтастыққа үміт білдірді.
Шарада сондай-ақ мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Екікүндік семинар аясында «Авторлық құқықтар мен лицензияларды сатып алу және сату», «Франкфурт кітап жәрмеңкесі және оның шақыру бағдарламалары», «Frankfurt Connect және Frankfurt Rights платформасы» және т.б. тақырыптарға арналған сессиялар өтеді.
Семинар барысында іс-шараға қатысушылар пікір алмасып, баспа бизнесіндегі жаңа трендтер туралы ақпармен бөлісті. Мамандар авторлар, баспагерлер мен оқырмандар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін үздік тәжірибелерді талқылады. Отандық баспагерлер «мұндай семинарлар Қазақстандағы кітап индустриясының мәдени алмасуы мен дамуын арттыра түседі» деп атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі